Қала күнінде Астанада қандай іс-шаралар өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Қала күнінде 100-ден астам іс-шара жоспарланып отыр

Фото ашық дереккөзден

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, қала күнінде 100-ден астам іс-шара жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Маусым-шілде айлары аралығында қала күнін мерекелеуге 100-ден астам іс-шара жоспарланып, жүзеге асырылып жатыр. Астана күнін мерекелеуді Мәдениет басқармасы 10 маусым күні «Астана Опера» театрында композитор Төлеген Мұхамеджановтың мерейтойына арналған «Құс жолы» атты шығармашылық кешінен басталды. 18 маусым Орталық саябақтағы амфитеатрда «ESIL MUSIC TIME» ашық аспан астындағы фестиваль өтті», - деді ол.

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозовтың сөзінше, 1 шілде Амфитеатрда «Аялаған Астана» өнерлі жас әншілер музыкалық байқауының гала-концерті өтеді. Бұл жоба Қазақстанға көптеген жұлдыздарды, олардың ішінде Болат Батырбаев, Мұхамедали Жүгінісов, Данелия Төлешова, Жанель Сәдуақас және басқа жұлдыздарды танытты.

«Биыл үздік атанған қатысушы «Детская Новая Волна» атты халықаралық байқауында Қазақстанның намысын қорғайды. 2 шілде Домбыра күніне орай ЭКСПО алаңында көпшілікке «Домбыра дастан» шоу-концерті ұсынылады. Концертте қазақ халық музыкасынан бастап заманауи форматтағы шығармалар орындалып, «Hassak», «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамбльдері, бишілер мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді», - деді Корбозов.

2 және 3 шілдеде «Қаламгерлер» аллеясы мен № 5 балалар кітапханасында Қазақстан жазушылар одағымен бірге «Астана – шабыт арқауы» ақын-жазушылармен кездесулер циклі өтеді. 3 шілде Бейбітшілік және келісім сарайында «Алтын мұра» Қазақстанның ең үздік дәстүрлі әнші, күйші, жыршыларының мерекелік концерті өтеді. Шараға Сыр өңірі, Жетісу, Шығыс, Батыс және Арқа өңірлерінің мектептері қатысады. 4 шілде «Астана» концерт залында «Әзіл әлемі» музыкалық әзіл-ысқақ кеші өтеді. Концерттік бағдарламада өз шығармашылығын Астана қаласынан бастаған эстрада жұлдыздары қатысады. 4 шілде «Жастар» сарайында Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «НАЗ» мемлекеттік би театрының «Қазақ жәдігерлері» концерттік бағдарламасы ұсынылады. Шарада театрдың үздік би қойылымдары көрсетіледі. 5 шілде Амфитеатрда халық арасында танымал әртүрлі аспапта орындаушылардың «Елорда әуені» шоу-концерті өтеді. Кеште орындаушылар Астананың 25 аккордын ойнайды. Шарада «NE PROSTO ORCHESTRA», Ratovich, Бағжан Октябрь, Илья Башкатов, Ерлан Байбазаров, Royal Beats, Golden Trombones және симфониялық оркестр өнер көрсетеді. 5-6 шілде ЭКСПО алаңында балалар мен ересектерге арналған «Гүл Астана» ЭКО фестивалі өтеді. Онда фотокөрмелер, шеберлік сабақтары, стилистер, дизайнерлер, боди-арт, инсталляциялар, фотоаймақтар, арт-нысандар, жанды суреттер, музыка, флористика ғажайыптары ұсынылады.           

5-6 шілде «Гүл шахары – Астана» Республикалық суретшілер плэнері жоспарланған. Онлайн конкурс арқылы 80 жұмыс жиналып, конкурс қорытынды бойынша экспо алаңына 15 үздік жұмыс көрмесі қойылатын болады. 6 шілде қаланың шет аймағында тұрғын үй алаптарында қала тұрғындары мен қонақтарына «Думанды Астана» концерттері өтеді. Концертте Қазақстанның эстрада жұлдыздары және Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің әртістері өнер көрсетеді. 6 шілде ЭКСПО алаңында OPEN AIR ашық аспан астындағы мерекелік концерт өтеді. Шарада отандық эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Аука, Дос, Akha, Мирас Жүгінісов, Қазбек Құрайыш, Еркеш Хасен, Qanay, Raim өнер көрсетеді. Сонымен қатар, көрерменді құпия жұлдыз күтеді.