Astana Musical елордалықтарды әйгілі «Роза Бағланова» мюзикліне шақырады

Автор: Azattyq Rýhy

Мюзикл халықаралық фестивальде бас жүлдеге ие болған

«Astana Musical» мемлекеттік театры 29 маусымда өтетін «Роза Бағланова» мюзикліне шақырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттің ұйымының «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры Оңтүстік Кореядағы «Daegu International Musical Festival» (DIMF) халықаралық мюзиклдер фестивалінде «Үздік халықаралық мюзикл» және «Үздік әйел бейнесі» атағын жеңіп алып, бас жүлдеге ие болған «Роза Бағланова» атты жүлделі мюзикліне шақырады.

КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы, күміс көмей әнші, ардақты Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай қойылған мюзикл әншінің балалық және жастық шағы, сондай-ақ, соғыс жылдарындағы қиын тағдыры, шығармашылық жолының қалыптасуына негіз болған өміріндегі шешуші сәттері жайлы баяндайды.

«Театр өнерінің заманауи технологиялары, шығармашылық режиссерлік, музыкалық және ерекше хореографиялық шешімдер, 20 ғасырдағы танымал әндер және соғыс жылдарындағы ерекше атмосфера ешкімді бей-жай қалдырмайды», - дейді театр өкілдері.

Мюзиклдің композиторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Артур Оренбургский, саунд дизайнер – Ақжол Өмірзақов. Қоюшы-режиссеры – «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин, қойылымның авторлары – Ефрат Шарипов, Шыңғыс Маман, Айдын Сахаман және Әннәс Бағдат.

Халқымыздың сүйікті әншісі Роза Бағланованың қайталанбас өнер әлемін паш ететін рухани кеш 29 маусымда сағат 19.30-да «QAZAQSTAN» ОКЗ (Мәңгілік ел, 10/1) өтеді.