Мәдени кеңістіктегі театр, кино, музей, кітапхана үлесі қандай?

Автор: Azattyq Rýhy

2030 жылға дейін жаңадан 345 нысан салынады.

Tengrinews

7 жылға жоспарланған ҚР Мәдени саясатының тұжырымдамасы бойынша, инфрақұрылым дамиды. Атап айтқанда, 2030 жылға дейін жаңадан 345 нысан салынып, жұмыс істеп тұрған 1420 мәдени нысан жөнделеді. Ал мәдениет үйлері көпфункционалды орталықтарға айналады. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов осылай деп мәлімдеді.

«Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы барлық заманауи жабдықтармен толық техникалық қайта жарақтандырылады. Бұл киностудияға көптеген фильмді шығаруға және кино өндірісінің барлық кезеңдерінде (түсіру, монтаждау, дубляж, тираждау және т.б.) жеке отандық кинокомпанияларға жәрдемдесуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Қазақфильм» еліміздің аумағында түсірілім жұмыстарын жүргізу үшін ірі шетелдік компанияларды тарту бағытында жұмыс істейтін болады», - дейді министр.

Жоспар бойынша, жыл сайын қазақ киносының алтын қорына кіретін кемінде 5 толықметражды фильм цифрландырылады.

Тағы бір өзекті мәселе – қазақстандық фильмдерді Netflix сияқты стримингтік платформалар мен онлайн-кинотеатрларда орналастыру.

Қолданыстағы «Кинематография туралы» Заңға түзетулер енгізу, оның ішінде мемлекеттік қаржылай қолдау алған фильмдерді ілгерілету және прокатқа шығару, Мәдениет және спорт министрлігінен фильм өндірушісіне айрықша құқықтарды беру мәселесі пысықталады.

Осы іс-шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 35%–ға, ал қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін ұлғайтқымыз келеді.

«Ал, музей ісін дамыту озық технологияларды енгізу арқылы жүргізіледі. Мысалы, республикалық және өңірлік музей қорларын электронды форматқа көшіру, сондай-ақ экспозицияларды виртуалды форматта қолжетімді ететін 3D турлар құру. Музейге келушілер санын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, Халықаралық музейлер күніне орайластырылатын жыл сайынғы «Музейлер түні» акциясы. Біздің мақсатымыз- 2030 жылға қарай тарихи-мәдени мұра музейлері мен нысандарына келушілер санын 20%-ға ұлғайту», - деді Асхат Оралов.

Музей саласын монетизациялаудың жаңа тетіктерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, кәдесыйлар сату, билеттердің сараланған бағасы, аукциондар, сәндік-қолданбалы өнер аймақтары, коворкингтер және т.б. ұйымдастыру үшін музейлердің бос алаңдарын пайдалану мүмкіндігі.

«Оқырман ұлт» жобасы аясында жалпыға қолжетімді мемлекеттік кітапханаларды көпфункционалды білім беру-ағарту орталықтарына айналдыру жоспарланып отыр.

«Елімізде kazneb.kz қазақстандық ұлттық электронды кітапхананың мобильді қосымшасы әзірленіп енгізілген, ал ҚазҰЭК қорын кеңейту арқылы студенттере цифрлық кітапханаларға тегін қол жеткізеді. Бұл Қазақстанның бүкіл кітапхана желісі интеграцияланатын бірыңғай ұйымдастырушы және технологиялық жүйені құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалардын қорын, оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптардың саны ұлғаяды. Осы жоспарларды іске асырудың нәтижесінде 2030 жылға қарай кітапханаларға келушілер санын 20%-ға арттыруға ниеттіміз», - деді министр.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін сұраныс жоғары мамандықтарға мемлекеттік білім беру тапсырысы қамтамасыз етіледі. Ал мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде қызмет көрсететін мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын кеңейту балаларды көбірек қамтуға көмектеседі. Сондай-ақ, мамандықтың өзіндік ерекшеліктері бар мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлерін кезең-кезеңімен әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылады.

Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне Қазақстан Республикасынан 10 нысан енгізілген. 2025 жылға қарай олардың санын 16 бірлікке дейін арттыру жоспарда бар. Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанмен бірлесіп «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясын дайындау және ілгерілету бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Оның шеңберінде Ұлы Жібек жолы бойындағы 6 нысанды: Сығанақ, Сауран, Ясы, Отырар, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар оазисінің ескерткіштерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр.

Қазақстанның мәдени брендін дамыту үшін мәдени туризмді жолға қою маңызды. Қазірдің өзінде Сарайшық, Ұлытау, Таңбалы және Отырар визит-орталықтарын пайдалануға бердік. Жақын арада Гаухар-Ана, Сауран, Есік және Ордабасы республикалық музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысын аяқталады. Сондай-ақ, ашық аспан астындағы «Бозок» Ұлттық археологиялық саябағын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күндері ортағасырлық архитектуралық стильде кіреберіс қақпалары салынып жатыр.