Биыл елімізде түрлі деңгейде 77 айтыс өтеді – Бауыржан Байбек

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ, ақындарға арналған республикалық мүшайра өткізу де жоспарланған

Қызылордада ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр. Шараны «Nur Otan» партиясының қолдауымен Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырған.

Айтыстың ашылуына қатысқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қазақтың төл өнеріне биыл ерекше қолдау болатынын айтты.

«Былтыр біздің партияның қолдауымен республикалық 9 айтыс өтті. Ал, биыл елімізде түрлі деңгейдегі 77 айтыс өтеді. «Nur Otan» партиясы барлық өңірдегі халықпен кездесуінде олардың пікіріне құлақ асып, оң шешімін табылуы үшін жұмыс істеп келеді. Сондай кездесулерде айтыстан бөлек, көркем әдебиеттің дамуына қолдау көрсетсе деп жатыр. Осы ұсыныс бойынша мүшәйра өткізуді жоспарлап отырмыз. Халықтық партия ретінде ұлттық спорт түрлерінің дамуына атсалысып келеміз», - деді Б.Байбек айтыстың ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, халықтың мұң-мұқтажын билікке айтыскерлер жақсы жеткізе біледі. Сондықтан, еліміздің әр өңірінде ақындар додасын жиілету қолға алыныпты.

«Айтыс арқылы біз көптеген проблеманы естиміз. Партияның мүшелері, депутаттар ақындар айтқан мәселелерге құлақ асып, оларды шешуге тырысамыз. Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде қандай экономикалық қиын жағдайлар болса да, мәдениетке, оның ішінде, айтысқа қолдау көрсетілмей қалған емес. Елбасымыздың «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының арқасында көптеген игі жұмыстар атқарылды», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Сыр еліндегі республикалық айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын қатысуда. Абайды ұлықтауға арналған жыр аламанына айтыстың үш буын өкілдері шақырылған. Үлкен буыннан Айбек Қалиев (Арқалық), Серік Құсанбаев (Өскемен), Кенжебай Жүсіпов (Қызылорда) айтыстың аламанын қыздырса, орта буыннан Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Аспанбек Шұғатаев (Баянауыл), Жансая Мусина (Орал), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Аруна Керімбек (Ақтөбе) сөз барымтасында сынға түспек. Сондай-ақ, жас буыннан Сұлужан Таубалды (Алматы), Бексұлтан Орынбасаров (Қызылорда), Аян Ниязбек (Шымкент) үлкендермен қатар үзеңгі қағыстыруға талпынып отыр.

Ал, айтыста өнер көрсеткен ақындарды белгілі халық ақыны Әсия Беркенова төрағалық еткен әділқазылар алқасы анықтайды. Олардың қатарында дүлдүл жырау Алмас Алматов, белгілі ақындар Ғалымжан Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан, Бауыржан Халиолла бар.

Айта кетейік, айтыс ақындары көрермендердің алдында жұпталып отырады. Бұл өз кезегінде ақындардың суырыпсалмалық қасиетін көрсетіп, шаппа-шап айтысты дамыта түспек.

Нұрсұлтан Мықтыбай, Қызылорда