Ақтөбеде Димаш Құдайбергеннің алып муралы салынды

Автор: Мира Байбек

Әнші бейнесінің биіктігі 18 метрден асады

Фото: Almaty Creative Bureau

Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасында қазақ әншісі, композитор және мультиаспапшы Димаш Құдайбергеннің алып бейнесі пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мой город» порталының жазуынша, әншінің туған жері Ақтөбе қаласы болғандықтан, суретші оған деген құрметін осылай білдіргенді жөн көрген.

Димаштың жетістікке жету жолынан шабыт алған Almaty Creative Bureau шығармашылық тобы  Q88 урбанитер қауымдастығымен бірлесе отырып поп-арт стилінде эскиз жасауды қолға алады. Бастамашы қала әкімдігі болғанымен, алып мурал демеушілер есебінен жасалған екен.

«Муралды салу үшін суретшілер граффитиге арналған арнайы шашқыш бояуларды пайдаланды, олар кез келген температура өзгерісіне жақсы төтеп береді, осылайша қабырға суреті қала тұрғындарын мүмкіндігінше ұзақ уақыт қуантатын болады. Кескіннің биіктігі тоғыз қабаттан асады, бұл – кем дегенде 18 метр биіктік», - дейді жоба авторлары.

Олар аталған туындының жылуға, жағымды әрі жақсы эмоцияларға толы екеніне, сондай-ақ ауа райы ең суық күндері де тұрғындарға қуаныш сыйлайтынына сенімді.