Ақтөбелік шебер өзінің туындыларын туған қаласына тарту етті

Автор: Azattyq Rýhy

Оның қолынан шыққан мүсіндер астанаға да қойылады

Ақтөбе көшелерінде жануарлардың ерекше мүсіндері пайда болады. Туындылардың авторы – Қайырбек Таханов. Бір айдан астам уақыт бұрын бастаған жабайы жануардың бейнесі қазір дайын, - деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді таяу уақытта Ақтөбедегі гүлзар немесе саябақтардың біріне орнатылмақ. Бұл шаһар көркін аша түсуге сеп болып, туристер үшін суретке түсетін лайық нысанға айналады.

«Ұлы дала төскейіндегі барлық жандаудың бейнесін жасап, осы қалалар мен біздің парктеріміздің ортасына орналастырғымыз келіп отыр», - дейді шебер Қайырбек Таханов.

Мүсінші негізінен ұлттық нақыштағы дүниелер жасаумен айналысады. Қаладағы саябақтарда қойылған кіші сәулет нышандарының біразы шебердің қолынан шыққан. Тек Абай даңғылындағы хакімнің қара сөздері жазылған үлкен кітап облыс орталығына сән беріп қана қоймай, қазақтың болмысын да насихаттап тұр.

Ал көше қиылыстарына қойылған ұлттық киімдегі қыз-жігіт, бала және жан-жануарлар бейнесі де көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Орталық саябақта орнатылған мүсін де Қайырбек Тахановтың туындысы. Енді ол егемен еліміздің тұрақты нышанын жасауды қолға алмақ.

«Менің білетінім, 20 жылдыққа бір тәуелсіздік нышаны жасалды. 25 жылдықта жасалды және 30 жылдықта жасалды. Ал осы аралықтағы жылдар бейнесін әспеттейтін заттар қайда? Сондықтан бұл жұмыстардың алдына жан салмай, жұмыс істеуге біз дайынбыз. Авторы мен болам деген ниет жоқ. Бұл арада әдемі бір жоба-сызбалар берілсе, әрқашан да біздер оны қабылдауға дайынбыз», - дейді шебер Қайырбек Таханов.

Кіші сәулет нышандарының көбі қала және аудан әкімдіктерінің тапсырысы бойынша жасалған. Алайда, туған қалаға тарту еткен дүниелер де аз емес. Соның бірқатары алдағы күндері елорда мен көрші өңірлерге жеткізілмек. Қазір шеберханада жұмыспен қамтылған 14 адам бірқатар тың бастаманы іске асыруға кіріскен.

Тегтер: