Грузияда қаза тапқан қазақ қызы Әсел Айтпаеваның жездесі сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол екі бап бойынша айыпты деп танылды

Әсел Айтпаева былтыр мамыр айының басында Грузияда қайтыс болған еді. Алғашында таныстары оны суицид жасаған деп қылмыстық істі жауып тастамақ болған. Алайда, тексеру барысында бойжеткеннің зорланғаны белгілі болды. Бұл іске оның жездесінің және оның грузин досының қатысы бар екені кейін анықталды.

Мұрат Мейірбеков Қылмыстық кодекстің екі бабы: «зорлау» және «адам саудасы» бойынша айыпты деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол жазасын қауіптілігі жоғары колонияда өтейді, сондай-ақ жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге көлемінде моральдық шығынды төлеуге міндеттелді.

Ал, Әселді өлтірді деп айыпталған грузин азаматы Бесик Тордуа абақтыда қайтыс болды. Оның миына қан құйылған. Оған да қыз зорлап, суицид жасауға итермеледі деген айып тағылған болатын.

Тергеу мәліметтерінен белгілі болғандай, сотталған Мұрат Мейірбеков Әселді жұмысқа тұрғызамын деп алдап, оны сырттай сатып жіберген.