Вашингтонда тұратын отандасымыз ән шығарып қана қоймай, әлемдік хит әндерді қазақ тіліне аударып, ал қазақ әндерін ағылшын тіліне аударып жүр
Америкада тұратын қазақ қызы қаңтар оқиғасына қатысты ән шығарып, бейнебаян түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Анар Өмірзақ (Anar KZ Omirzaq) Вашингтон қаласында тұрады. Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы сырттағы қазақтарға өте ауыр тиген. Тәуелсіздікке тікелей қауіп төнгенде елмен бірге бола алмаған отандастарымыз сырт мемлекетте жиі кездесіп, қатты алаңдағанын, жырақтағы елінің тағдыры үшін ақылдасқанын айтады. Ел тұрғындары ғана емес, шетелде жүрген қазақтарда қатты күйзеліске түскен. Әлем назарын аудартқан қаңтар оқиғасының соңы тынышталғанмен, құрбандар санының тым көп болуы халқыма ауыр қайғы әкелді дейді вашингтондық қазақ.
«Пандемия кезінде Қазақстандағы көптеген танымал адамдар, өнер, қоғам қайраткерлері де қайтыс болды. Сол кезде жұбату әнін шығардым. Осындағы және елдегі адамдарға жұбаныш болсыншы деп ойладым. Ұзаққа жалғасқан, адамдарды күйзеліске түсірген пандемиядан соң қаңтар оқиғасы болды. Сондықтан еліме, алыстағы халқыма көңіл айтқым келді. Көңіл айтуды, жұбатуды бейнебаян арқылы жеткізгім келді. Қазағымды қолымнан келгенше жұбатып, дем бергім келеді», - дейді Анар Өмірзақ.
Анар АҚШ-қа алғаш рет 18 жасында барған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскенімен, 1-курсында-ақ Американың оқу грантын ұтып алыпты. Жолдың қашықтығына қарамастан екі мемлекеттегі оқу орындарында кезек білім ала жүріп, қос университетті де бітіріп шыққан. Магистратура дипломын алған соң қос eлдiң арасында жұмыс iстеп, кейін Вашингтонға біржолата қоныс аударған. Оның айтуынша, Америкадағы қай саланы алып қараса да, бәсеке өте жоғары. Ал музыкант, әнші болу, фестивальдерге қатысып, өзіңді мойындату – мұхиттан інжу-маржан іздегендей деп санайды ол.
«Патриоттық және лирикалық әндер жазамын. 18 жасымда ағылшын тілін еркін меңгерген соң, өлеңдерді сол тілде де жаза бастадым. 7 жасымнан бастап қазақ-орыс тілінде өлеңдер шығардым. Әкем опера әншісі еді, менің он жасымда қайтыс болып кетті. Атам да жырау болған. Өнер маған сол кісілерден дарыған шығар. Қазақ әдебиетіндегі фольклорды пайдаланып «Жұбату» әнін жаздым. Басқа әндерімнiң сөзін де, музыкасын да өзім жаздым. Батыс елдерінде тек орындаушы ғана емес, музыкадан хабары бар, әнін де өзі жаза алатын адамдарды мойындайды. Сонымен қоса, Жандос Әбілдиновтың бiрнеше әнін айттым. Аранжировкасын Қазақстанда, Латын Америкасында және осы АҚШ-та тұратын музыкалық студияларға жасатамын. Вашингтонда, жалпы Американың ірі қалаларында халықаралық ән фестивальдері жиі өтіп тұрады. Сол фестивальдерге қатысып, ән айтамын», - дейді әнші.
Ол жуырда ғана Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Қайран елім» әнін ағылшыншаға аударып біткен. Оың айтуынша Димаштың фанаттары Америкада өте көп. Алайда олар қазақ әншісінің орындауындағы әндердің мағынасын түсіне алмай қиналады.
«Димаштың осындағы барлық концертін арнайы барып көрдім. Оның Америкадағы көптеген фанаттарымен жақсы таныспын. Олар Димаштың орындауындағы әндердің мағынасын түсінгісі келеді. Менің мақсатым – америкалықтар Димаштың әндерін тыңдағанда мағынасын да бірден ұғуына мүмкіндік жасау. Сонда әлгі патриоттық әндерді Димаш тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге айтып тұрғандай болады. Америкалықтардың жүрегі мен санасы қабылдау үшін әннің бір сөзін аударуға бірнеше ай уақытым кетті. Ізденісіміздің мақсаты – Димашты тек бiз ғана емес, әлемдегі өзге тыңдаушылары да түсіне алатындай деңгейге жеткізу. Дәл қазіргі жағдайда Димаштың бейбітшілік, Отан туралы әндерін украиналықтар да қабылдай алады», - дейді Анар Өмірзақ.
Американың жергілікті тұрғындарымен бәсеке түсіп қана қоймай, өз ұлтының артықшылығын да өнері, білімі арқылы көрсетіп жүрген Анардың ендігі мақсаты – Вашингтонда тұратын қазақ балаларына арнап мектеп ашу. Оның айтуынша, мұхит асқан отандастарымыздың өсіп келе жатқан балалары ұлтымыздың салт-дәстүріне зәру. Әлем елдеріндегі сан түрлі мәдениеттердің тоғысқан жерінде жат жұрттың жетегінде кетпес үшін қазақ ұлтының өзіне ғана тән ерекшеліктерін өскіншектер мен жеткіншектерге жиі көрсеткісі келеді. Төл мәдениетімізді де, әншілік өнерді де бойына сіңіре алатындай орталық керек деп санайды ол.
«Сыртта жүрген қазақтардың да ең басты мұрасы – мәдениетіміз бен дәстүріміз. Америкадағы қай штатқа барсақ та, қазақтарды оңай табамыз. Жиі жиналып, танысып, ойымызды ортаға саламыз. Негізінен, әлемдік хит әндерді қазақ тіліне аударып, ал қазақ әндерінің кейбірін керісінше, ағылшын тіліне аударып жүрмін. Өзіміздің этникалық әндерді де концерт кезінде шетелдіктерге орындап тұрамын. Олар таңқалып, ерекше құрметпен тамашалайды. Қазақтарға латын-америкалық әуендер ұнайды. Бірақ тілі басқа болғандықтан, ел тек музыкасына ғана билейді немесе тыңдайды. Сондықтан осындай танымал әндерді де ана тілімізге аудардым. Олардың өлеңін аударғанда тура, сөзбе сөз аудармаймын. Өйткені ол біздің мәдениетке келмейді. Ондай кезде біздің тілге, психологияға жақын келетін сөздерді, ұғымдарды қолданамын», - дейді ол.
Pop жанрында ән жазатын Анардың негізгі жұмысы – бизнес консалтинг. Америкада сұранысқа ие бизнес-коуч атанып та үлгерген.