$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мәдениет министрлігі биыл фильм түсіру жұмыстарына 4,3 млрд теңге жұмсаған

Бұл қаржының көп бөлігі режиссер Ақан Сатаевқа берілген

Мәдениет министрлігі биыл фильм түсіру жұмыстарына 4,3 млрд теңге жұмсаған

Биыл БАҚ беттерінде ең жиі сынға ұшыраған мемлекеттік органдардың бірі – Мәдениет және спорт министрлігі. Токио олимпиадасында бірде-бір спортшының алтын алмауы, ұлттық құрамадағы боксшы қыздардың жанжалы, ауыратлет Альберт Линдердің өзіне қол жұмсауы, «Қазақфильм» айналасындағы қаражат дауы, бұрынғы вице-министр Сәкен Мұсайбековтің алаяқтықпен ұсталуы – аталған министрлікке деген көпшіліктің наразылығын тудырды.

Спорт саласындағы бірталай мәселе осы күнге дейін жазылды. Сол себепті жыл соңында біз Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен 2021 жылы еліміздің мәдениет саласында атқарылған жұмыстар мен жұмсалған қаражат есебін сұрап көрдік.

Мемлекет есебінен кітап басып шығаруға 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды

- Мәдениет және спорт министрлігі баспа саласында үйлестіретін «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» деген республикалық бюджеттік бағдарлама бар. Оның ішіндегі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында 168 қоғамдық маңызы бар әдебиетті жалпы таралымы 492 мың данада басып шығарып республика, облыстық мемлекеттік кітапханаларға таратты. Мемлекет есебінен жарық көретін әдебиеттердің таралымы әрқайсысы 3 мың данадан аспайды. Биыл жоғарыда көрсетілген бюджеттік бағдарлама аясында қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығаруға республикалық бюджеттен 975,8 млн қаржы қаражат бөлінді.

Биыл Мәдениет министрлігі 4,3 млрд теңгеге фильмдер түсірген

- 2021 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген 27 фильм 56 халықаралық кинофестивальге қатысып, 39 жүлдені жеңіп алды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің мәліметінше, «Кинематография туралы» Заңға сәйкес, биыл мемлекеттің қаржыландырумен 37 фильмнің түсірілімі аяқталған. Министрлік жеке кинокомпаниялармен түсірілген фильмдерге есеп жүргізбейді.

2021 жылы фильмдердің түсіріліміне бөлінген қаржы – 4 382 601 950,11 құраса, 2022 жылға – 2 286 537 500 теңге жоспарлануда.

Айта кететіні, Ақан Сатаевтың «Боксшы» фильмін түсіруге 2 жыл ішінде 900 миллион теңге ($2 млн) берілген. Фильм үлкен экранға биыл 1 желтоқсан күні шықты. «Боксшының» сценарий құны 67,5 миллион теңгені құраған. Сценаристер қатарында «Томирис» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын бар.

Ал, Ақтоты Райымқұлова басқаратын министрлікке үнемі шүйлігіп жүретін тағы бір атышулы режиссер Ермек Тұрсыновтың «Таңдау» фильміне 2019-2021 жылдары мемлекет бюджетінен 500 млн теңге ($1,1 млн) бөлінген. Фильмнің үлкен экранға қашан шығатыны белгісіз.

- Биыл қандай тұлғалардың мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтті, оларға жұмсалған қаражат көлемі қанша?

- Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын мерекелеу және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары биыл 29 наурызда Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен бекітілді. Онда 2021 жылдың соңына дейін 78 іс-шара ұйымдастыру қарастырылған болатын.

Одан бөлек, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Қос тұлғаның мерейтойын атап өтуге қаражат жергілікті бюджеттердің есебінен бөлінді.

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына байланысты Жамбыл музей-үйінің кешенінде 171 млн 655 мың теңге сомасына ғылыми-реставрациялық жұмыстары жүргізілген. Кешеннің негізгі нысандарының бірі – Жамбыл кесенесі. Нысан айтарлықтай жөндеу жұмыстарын талап еткен. Нәтижесінде, кесенені мәрмәрмен қаптау 100% орындалды. Шатырдан жауын суларының өтуін болдырмау жұмыстары толығымен аяқталды. Кесененің барабаны мен күмбезін қалпына келтіру жұмыстары орындалды. Осылайша, кесененің белгілі бір уақытқа сақталуы қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, өткен жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шараларға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 3 млрд теңге жұмсаған болатын.

Серіктес жаңалықтары