Нұр-Сұлтанда театр фестивалі өтті
Алғашқы театр фестивалінің ресми жабылу салтанаты Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтті. Іс-шарада фестивальге қатысушылар өздерінің үздік қойылымдарын көрсетті. Сондай-ақ, ТеатрALL сыйлығының иегерлерінің есімдері белгілі болды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальдің салтанатты жабылу рәсіміне Қазақстанның Еңбек Ері, кино және театр әртісі, Қазақстан Театрлары қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімов, ҚазССР еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешева, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Талғат Теменов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов, сол сияқты мәдениет қайраткерлері, Қазақстан театрларының директорлары мен шығармашылық ұжымдар қатысты.
Айта кетейік, театр апталығы Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтті.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары еліміздегі мәдениет саласының дамуына айрықша серпін берді. Биыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бұл жай күндердің бірі емес, біз бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек» деп атап өтті. Осы оқиғаға орай бүгінге дейін республикалық және облыстық деңгейлерде мыңнан астам іс-шара өткізілді, олардың ішінде – көрмелер, концерттер, фестивальдар, қайырымдылық акциялары, флешмобтар және т.б. болды. Осы тізімдегі маңызды оқиғалардың бірі – театр фестивалі. Бұл фестиваль дәстүрлі түрде жыл сайын өтпек, сондай-ақ оның аясында түрлі спектакльдер мен іс-шаралар ұйымдастырылады», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Өз кезегінде Асхат Оралов бір апта ішінде фестиваль қатысушылары 30-ға жуық түрлі іс-шара өткізілгенін атап өтті.
«Қала әкімі Алтай Көлгіновтің атынан театр фестивалінің қатысушыларына, көрермендерге, шығармашылық ұжымдарға, әсіресе сарапшылар кеңесіне алғыс білдіремін. Бір апта ішінде 13 театр мен Ресейден келген 2 театр 30-ға жуық спектакль ұсынды. Қала әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бұл фестивальді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Нұр-Сұлтан әкімдігі шығармашылық адамдарға, өнер қайраткерлеріне және олардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайын», – деп атап өтті елорда әкімінің орынбасары.
Фестивальдің жабылу салтанатында ТеатрALL алғашқы театр сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сараптамалық кеңес мүшелері іріктеп алған 30 үміткер марапатқа ие болды. «Театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін» сыйлығын қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор Құралай Ешмұратова табыс етті. «Шығармашылық ізденіс үшін» номинациясын «А.И.» театрының директоры, актриса және әнші Айгүл Иманбаева иеленді.
Сыйлық иелері:
«Жаңа есім – Үміт» номинациясы бойынша сыйлықты 10 әртіс алды. Олардың ішінде: Абусамат Түсіпбаев – елордалық қуыршақ театры, Асхат Мәден – «Наз» би театры, Дінислам Нұрмағанбетов - музыкалық жас көрермен театры, Инабат Әбенова – Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Әлия Жиренбаева – «Astana Musical» мемлекеттік театры, Нұржігіт Мүслімов – Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры, Ермағамбет Ерқанат – «Астана Балет» театры, Дмитрий Маштаков – М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Назерке Серікбол – «Жастар» театры, Шыңғыс Расылхан – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры.
Естеріңізге сала кетейік, театр фестивалі алаңында 30-ға жуық түрлі спектакль қойылды, «BYTEREKTE» инклюзивті шығармашылық көрмесі, «Қазақ елі» қазақстандық суретшілер мен «Ұлы дала аңыздары» фольклоры, актерлік шеберлік бойынша мастер-класс және т.б. өткізілді.
Фестиваль қатысушылары мен қонақтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іс-шараларға кіру Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылды.