Бұл туралы ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалінде айтылды
Түркістанда өткен Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалінде Түркітілдес елдердің анимация өнерінің бүгінгі ахуалы мен келешек бағдары талқыланды.
Фестиваль аясында түркі дүниесінің аниматорларын біріктіру керектігі сөз болды. Ол үшін сала мамандары түркі елдеріне ортақ анимациялық бірлестік құру қажет деген тоқтамға келді. Түркітілдес елдердің арасындағы анимация фильмдер өндірісіне қатысты мамандар мен компанияларды біріктіретін орталық ұйымдастыру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтқан Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбілдә бұл ұсынысты орынды деп есептейтінін мәлімдеді.
«Түркі елдерінің анимация мамандарын біріктіріп, сол жұмысты жүйелесек, ауқымды аудиторияны қамтуға мүмкіндік туады. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қызығушылық бар, алайда әрекет жоқ. Түркітілдес мемлекеттердің арасында көпір болатын ұйым құруымыз керек»,- деді А. Әбілдә.
Бұдан бөлек, сарапшылар анимацияға қатысты қаржы тарту, құқықтық реттеу, аудиторияның талғамы мен талабына сай болу, жас дарындарды оқыту, техникалық жабдықтау секілді кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді атап өтті.