Ұлыбританияда қазақ тарихына арналған көрме жайлы BBC сайтында мақала жарық көрді
Жауынгер және жылқыны қолға үйреткен халық жайлы сыр шертетін алтын жәдігерлер көрмесі алғаш рет Ұлыбританияда деп жазды BBC News.
Мақала авторы Кэти Прикеттің жазуынша, Шығыс Қазақстандағы сақ қорғандарынан табылған көптеген қазына – Қазақстан аумағынан тыс жерлерде таныла қоймаған ежелгі сақтар мәдениетінен сыр шертеді.
«Олар өздерінің наным-сенімі мен мәдениеті туралы жазбаша мұра мен дәлелдер қалдырмаған, алайда соңғы археологиялық зерттеу әдістері олардың тұрмыс-тіршілігі жайлы көп нәрсеге көз жеткізуде», - деп жазады басылым. Автор бұл әсерін Кембридждегі Фитцуильям мұражайында өтіп жатқан артефактілер көрмесіндегі жинаған ақпараты мен мамандармен тілдесу нәтижесінде жазған.
Көрмеде 2018 жылы Қазақстанның шығысындағы қорғаннан табылған садақшы баланың жерленген жерінің реконструкциясы жасалынған. «16 жас шамасындағы бала ақтық сапарға махаббатпен, бар қошеметпен шығарып салынғаны көрініп тұр, ол алтын бұйымдармен қоршалған, мыңдаған ұсақ алтын моншақтардан тігілген аяқ киім киген және оның қанжары жерленгенге дейін әдейі сындырылған», - дейді Прикетт.
Көрменің жетекшісі доктор Ребекка Робертс, оның «жас болғанына қарамастан жауынгерлерге көрсетілетін құрметпен жерленгенін» айтты. «Бала сақтардың мәдениетіне сәйкес жерленген. Сақтар өзінің артында дамыған технологиялық тұрмысты көрсететін, жоғары білікті қолөнершілер жасаған керемет алтын бұйымдарды қалдырды», - дейді тарихшы маман.
Мақалада сақ мәдениетін анықтау үшін үш негізгі фактор қолданылатындығы жайлы айтылған: сақтар өте жылжымалы (мобильді) болған және күрделі ат спортымен айналысқан, олар ат үстінде отырып атуға арналған қысқа композитті қолданды және жануарлардың бейнелеу өнерін енгізді.
«Бірақ олардың өздерінің мәдениеті туралы не ойлағанын білудің жалғыз жолы - артта қалдырған нәрселерін талдау. Сақтардың мұрасына тонау мен климаттың өзгеруі салдарынан қауіп төніп тұр», - деп жазады басылым.
Прикеттің жазуынша, бес жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында ауқымды археологиялық зерттеу бағдарламасы іске қосылды және ондаған жаңа археологиялық орындар ашылып, зерттелді. Сонымен қатар, қазақстандық зерттеушілер археология ғылымында қолданылатын соңғы заманауи әдістерді қолданды. Бұның қатарында протеомика деп аталатын әдіс бар, ол «ақуыз молекулаларының іздерін біршама объектілерден таба алады», - дейді израильдік маман Глеб Зилберштейн.
Тістерді, сүйектерді, биологиялық материалдарды және жақында табылған алтын артефактілерді Зилберштейн мен итальяндық профессор Пьер Джорджио Ригетти зерттеген.
Олар сақтардың жасайтын ритуалдары барысында күйдірілген шөптердің түрін, сүтті ашытатын бірегей микробиоманы (біріктірілген генетикалық материал), өсімдіктер мен тұтынған жануарлардың іздерін анықтаған. Сонымен қатар, сақтар тістеріне пломба жасау мақсатында балауыз бен тазартылған кальцит қоспасын қолданғанын анықталған.