Толықметражды деректі фильм 2022 жылдың көктемінде көрерменге жол тартады деп жоспарланған
Белгілі кинорежиссер Ербол Жұмағұл демеушілердің бас тартуы себебінен Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильмнің аяқсыз қалуы мүмкін екенін хабарлады.
«Былтыр қыркүйектен бастап «Қонаев ғасыры» атты толықметражды деректі фильм түсіруге кірістім. Бұл жобаны демеушілердің қаражатына ТЕК киностудиясы қолға алды. Жобаны жүзеге асыруға досым Саладин Махмуд көмектесіп, қаражат табуға атсалысты. Басында екі демеуші болған, алайда екінші демеуші аяқ асты шешімін өзгертіп, бұл жобаның аяқсыз қалу қаупі бар», - деп жазды режиссер.
Ербол Жұмағұлдың айтуынша, бүгінге дейін түсірілім күндерінің жартысынан астамы аяқталған (80-нен 45).
«Қаңтардан бастап жоба шығынын өз қалтамнан шығарып жатырмын. Оған басқа жобалардан тапқан қаражат жұмсалды, бірақ қазір ондай мүмкіндік жоқ. Түсінікті етіп айтар болсам: жобаның сценарий авторы, режиссері ретінде өзіме бір тиын да төленген жоқ. Жоба командасына қарызбын, одан бөлек жалақы салығы да төленбеген», - деді ол.
Жаз, күз айларында Мәскеуге (Кремльді түсіріп, Андрон Кончаловскимен сұхбат), Укрианаға (экс-президент Кравчукпен сұхбат), Калининград, Өзбекстан және елдің бірнеше аймағы бойынша іссапарлар қарастырылған. Одан бөлек, студиялық түсірілімдер жоспарланған.
Қазақстан ішінде де бірнеше адаммен сұхбат жазу жоспарланған. Рауза және Дияр Қонаевтар, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Тоқтар Әубәкіров, Олег Ермеков сынды тұлғалармен болған жобаның негізгі сұхбаттары таспаланып қойған.
Жобаға бүгінге дейін 17,5 миллион теңге жұмсалды, жалпы қажетті сома 20-22 миллион теңгені құрайды. Осыған байланысты Ербол Жұмағұл жобаны аяқтау үшін көпшіліктен көмек сұрады.
«Бірнеше ай бұрын жобаға ақша іздеп, бірнеше кездесу өткіздім. Бірақ нәтиже болмады. Сондықтан, Қонаев туралы фильмді соңына жеткізу үшін қаржылай көмек сұраймын», - деді режиссер.
Режиссердің айтуынша, Қонаев туралы деректі фильм 2022 жылдың көктемінде көрерменге жол тартады деп жоспарланған.