Тәуелсіздік алғалы елімізде жаңа 20 театр ашылды
Мәдениет министрлігінің келтірген деректеріне сүйенсек, тәуелсіздік алғалы осы уақытқа дейін елімізде жаңа 20 театр ашылса, Орал, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Өскемен, Шымкент, Талдықорған қалаларында 8 жаңа ғимарат бой көтерді. Жыл сайын театр сахналарында әртүрлі жанр мен бағытта 12 мыңға жуық спектакль қойылады. Статистикалық мәлімет бойынша қазір елде 65 театр жұмыс істейді. Оның 52-сі мемлекеттік (бұл қатарда 4 ұлттық (этникалық) театр: ұйғыр, корей, неміс және өзбек театры бар).
Мемлекеттік 52 өнер ошағының 3-еуі опера және балет театры, 5-еуі балалар мен жасөспірімдер, 7-еуі қуыршақ, 24-і драма театры (оның ішінде 3-уінде қазақ және орыс труппасы бар), 11-і музыка-драма және комедия театры, біреуі жастар және біреуі сатира театры.
Тәуелсіздікпен құрдас, 30 жылдық тарихы бар елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка драма театры былтыр ғана жаңа ғимаратқа көшіп, басшысы ауысты. Өкінішке қарай, елдегі эпидахуалдың санитарлық талаптарына байланысты әзірге залға көрерменді толықтай жинауға рұқсат жоқ. Дегенмен шығармашылық ұжым қол қусырып отырған жоқ. Театр басшысы Ернар Жұматаевтың айтуынша, елімізде соңғы жылдары қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мәдениет саласын қолдауға мұрындық болды.
«Қазіргі театрлар жаңа буынмен, жаңа қарқынмен дамып келе жатыр. Аяқ алысы жаман емес. Әлі де ізденісте жүрген театрларымыз бар. Әр ұжым өзінің бағытын бұрып, түрлі эксперименттерді іске асыруда. Ұтылып жатқаны да, ұтып жатқаны да бар. Бірақ ешқайсысы тоқтап қалған жоқ. Пандемия басталғалы әлемнің көптеген елдерінде өнер ошақтары жұмысын тоқтатып, жабылып қалғандары қаншама. Бұл ретте елімізде мұндай құбылыс болмады. Бізде барлық театрлар жұмысын жалғастырып, болып жатқан қиындықтарға қарамастан қызметкерлер тұрақты түрде жалақысын алып отырды», - деді Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка драма театрының директоры.
Эксперимент демекші, соңғы кездері еліміздің театр ұжымдары әдеттегі классика, комедия, драма жанрларынан бөлек мюзикл бағытын да бағындыруға ынтық.
«Мюзикл жанры біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан өнердің түрі деуге болады. Себебі, өткен ғасырларда қазақтың сал-серілері ауыл-ауылды аралап, думандатып, халық арасында жанды дауыспен ән шырқап, қойылымдар қойған. Міне солардың салған сара жолдары, ұлттық дәстүрлері бүгінгі өнер иелерінің азығына айналды. Біз солардың ізін жалғаушымыз. Бірақ мұның барлығын біз қазір заманауи әдістермен өрнектеп жатырмыз», - деді театр басшысы.
ОТАНДЫҚ ТЕАТРЛАР ДЕКОРАЦИЯСЫЗ СПЕКТАКЛЬДЕР ҚОЙМАҚ
Заманауи әдіс бұл – декорациясыз сахна. АҚШ пен Еуропада кең етек жайған тәсілді отандық мәдениет ошақтары да жүзеге асырып келеді.
«Қазір көбі графикаға көшіп жатыр. Мәселен, мюзикл форматына ешқандай декорацияның қажеті жоқ. Тек қана жарық, дыбыс және лэд экран қажет. Режиссерлер осы бағытты қолға алып, спектакль қойып жатыр. Мұндай жаңашылдық дамыған мемлекеттерде пайда болғанымен, меніңше, болашақта бұл әдісті болашақта әлемнің барлық театрлары пайдаланады. Себебі бұл формат ешбір материалдық декорацияны талап етпейді. Гастрольдік сапарға тек флешкамен ғана шығамыз десек де болады»,- деп толықтырды Ернар Жұматаев.
Мұндай жетістікте театрдың техникалық мамандары қойылымның басты механизміне айналатыны айғақ.
«Біздің театр техникалық мамандандыру жағынан тез дамып жатыр. Жалпы спектакльді видеоға түсіру бұл күрделі процесс. Өйткені театрдағы сахна жарығы мен камераның сол керемет көріністі жеткізу мүмкіндіктері бір-біріне қарама-қайшы. Ал театрлар онлайн режимге ауысқан тұста осындай олқылықтарды жою үшін көп жұмыс атқарды. Яғни, пандемия кезінде сахнадан тыс жұмыс істейтін топтың мүмкіндіктері артты. Аталған бағытқа түрлі мамандар тартылып, қойылымды жаңа форматта көрсетудің тәсілі еселене түсті. Бұл да бір үлкен жетістік», - дейді театр директоры.
ОНЛАЙН ФЕСТИВАЛЬДЕ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
Бұдан бөлек, пандемияға дейін отандық театр ұжымдары көптеген шетелік фестивальдерге қатысып, әлемдік аренада талай мәрте еліміздің мәдениетін асқақтатты. Ернар Жұматаевтың айтуынша, шетелдіктер, әсіресе, қазақ халқының ұлттық құндылықтарына баса назар аударады. Себебі олар үшін қазақ өнері бұл - жаңа құбылыс.
фотосурет: Қаллеки театрының директоры - Ернар Жұматаев
Сондай-ақ, жуырда ғана елордалық драма театры пандемия кезінде ұйымдастырылған онлайн фестивальдердің біріне қатысып, сүйінші хабарын жеткізді.
«Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка драма театрының симфониялық оркестрі күні кеше ғана Швецияда өткен халықаралық фестивальден гран-при жеңіп алды. Ерлан Бейсембаевтың дирижерлігімен оркестр Құрманғазының әйгілі «Балбырауын» күйін классикалық жанрда ойнап шықты. Өзіміз бара алмасақ та, фестивальге онлайн форматта қатыстық. Негізі бір жағынан бұл өте тиімді тәсіл. Себебі ол жаққа бару біраз шығынды талап етеді. Екі ортаны байланыстырып отырған техниканың арқасында осындай мүмкіндіктерге ие болып отырмыз», - деді театр басшысы.
Шетелдік театрларда әлемдік классикалар мен заманауи форматтағы қойылымдар жиі сахналанатыны айғақ. Алайда қазақ халқының ұлттық туындылары талғампаз көрерменді таңдай қақтырмай қоймады екен.
«Қазақтың дәстүрін, салтын, ғұрыпын дәріптейтін қойылымдарға шетелдіктер ерекше қызығушылық танытады. Айтуларынша, біздің спектакльдердің сюжетінде тазалық бар, музыкалары да ерекше. Сондай-ақ қазақ пьесаларын шет тілдеріне аударған кезде, олардың тілдерінің құдіреті бізге жетпей жатады. Мен «Жастар» театрын басқарған кезімде әлеуметтік желі арқылы «Қыз Жібек» спектакліміз шетелдіктердің назарына түсіп, Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылған фестивальге арнайы жолдама алды. Сонда 112 мемлекет ішінен 2-ші орынға ие болды. Театр сыншылары мен тәуелсіз сарапшылар «біз осы қойылым арқылы қазақтың кім екенін таныдық, өте керемет спектакль» деп жоғары бағасын берді. Биыл да бірқатар фестивальге шақырту алып отырмыз. Қазір Қалибек Қуанышбаев атындағы музыка драма театры «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклін қойып жатыр. Бұл қойылым эксперименталды тәсілге негізделіп ойластырылған. Дәл осы жоба көптеген фестивальдердің сұранысына ие болып отыр. Бұл қазір осы театрдың ең үздік спектаклі десем де болады», - дейді Ернар Жұматаев.
ЕЛІМІЗДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ ҚАШАН ӨТКІЗІЛМЕК?
Былтыр елордалық Қаллеки театры «академиялық» статусын алып, шығармашылық ұжым ел астанасының орталығында бой көтерген жаңа мәдени ошаққа қоныс аударды. Сондай-ақ, бұған дейін қалалық әкімдікке қарасты болған мемлекеттік мекеме ендігі кезекте мәдениет министрлігінің құзыретіне өтті. Жаңа ғимараттың ішінде сахналық қойылымдарға арналған екі бірдей зал бар. Үлкен зал 600 орынға, ал кіші зал 200 орынға есептелген.
«Бұл ғимарат біздің театрымыздың 30 жылдығына арналған тарту. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка драма театры ел егемендігімен қатар дамып келе жатқан мәдени мекеме. Бұл Елбасымыздың бастасымен салынып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылған іс. 1 жыл 9 айдың ішінде салынып, әлемдік деңгейдегі театрлардың қатарына қосылған мәдениет нысаны. Еліміздегі драма театрлардың ішіндегі ең айтулы, техникасы жағынан ешкімге дес бермейтін мәдени нысанға айналды. Біз қазір кез келген фестивальді өткізуге толықтай дайынбыз. Мұндағы сахна - айналмалы, алты бағытқа өзгеруге мүмкіндігі бар, акустикасы да тамаша. Пандемия бітсе, түркітілдес халықтардың басын жинап, үлкен фестиваль өткізсек деген ниетіміз бар. Ұсынымызды жауапты ведомствоға жібердік, қазір Үкіметтің жауабын күтудеміз. Егер бұл ұсыныс мақұлданса, тәуелсіздік қарсаңында ауқымды шара жүзеге асырылады», - деп нақтылады театр директоры.
Жаңа ғимарат жаңа декорацияны талап етуде. Өйткені бұрынғы бұйымдар үлкен сахнаға есептелмеген. Материалдық базадан бөлек, театрдың құрамындағы мамандардың саны да артқан.
«Штаттағы қызметкерлердің саны 160 адамнан 585-ке дейін көбейді. Бұл ретте симфониялық оркестерге тоқталып өткім келеді. Ескі ғимаратта оркестрдің құрамында 20 музыкант өнер көрсетсе, қазір олардың саны 90-ға жетті. Яғни жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздықты жоюға сәл де болса үлесімізды қостық. Тағы бір айта кететін жайт, әкімдікке қарасты театр актерлерінің жалақысы былтыр 35 пайызға, ал республикалық театр актерлерінің еңбекақысы 50 пайызға өсті», - деді Ернар Жұматаев.
Көнеден келе жатқан театр өнеріне қатысты бүгінде адамдар арасында түрлі пікір бар. Дегенмен, мәдениеттанушылар бұл саланы өнердің кез келген түрінен биік қояды.
«Қоғам арасында театрды сақтап қалу керек деген ұғым туындаған. Бірақ соңғы кездері театрлардың деңгейі көтеріліп, жұмыстары алға басып жатыр. Өңірлерде драма театрлардың саны артып келеді. Өнер ордаларына жаңа буын келіп, керісінше бәсекелестік күшейіп жатыр. Театрдың мықтылығы оның режиссеріне байланысты. Біздегі бір ғана кемшілік – осы режиссер тапшылығы. Бізде мықты режиссерлер бар, бірақ аз. Алдағы уақытта олардың қатары көбейеді деген сенімдемін», - деді театр басшысы.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан