Фильмдерді қазақ тіліне дұрыс аудармаған компаниялар прокаттау құжатынан айырылады

Автор: Azattyq Rýhy

Мәдениет министрі фильмдерді қазақшаға сауатсыз аудару әлі тоқтамағанын айтты

Қазақ тіліне дұрыс аударылмаған фильмдердің прокаты екі айға тоқтатылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бүгінде отандық кинотеатрларда мемлекеттік тілде дубляждалған фильмдердің саны артып келеді. Алайда, картиналарды қазақ тіліне субтитрмен аударуда орфографиялық және мазмұндық қателердің саны азаймай отыр. Енді бұдан былай прокатқа жауапты компанияларға тиісті шара қолданылмақ.

«Кинематография туралы заң аясында жалпы ҚР аумағына кіретін фильмдердің барлығы міндетті түрде дубляждалуы, субтитрленуі немесе кадрдан тыс аударылуы тиіс. Осы норманы сақтау ретінде және бүгінгі қарастырылып отырған заң жобасы аясында фильмдерді қазақ тілінде дубляж жасауда сөздердің дұрыс аударылуы, дыбысталу дұрыстығы, түпнұсқадан ауытқымауы, мазмұнының дұрыстығы және орфографиялық талаптарды сақтайтын норманы біз қарастырып отырмыз. Кинематография заңының аясында жалпы осы нормаларды бұзу туралы шағымдар түсе берсе, онда біз заң аясында прокаттау куәлігін тоқтатуға құқығымыз бар», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Жалпы елімізге сырттан келетін фильмдердің бәріне прокаттау куәлігі беріледі. Аталған құжатсыз компаниялардың шетелдік киноларды көрсетуге құқықтары жоқ.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан