Театр жаңа ғимаратқа көшкен еді
14 желтоқсан күні Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа XXX маусымын ашады. Маусымашар ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен өтеді, деп хабарлайды өнер ордасының баспасөз қызметі.
Отыз жылдық тарихы бар Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа ғимарат елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен салынды.
Жаңа ордадағы театр маусымы қалыптасқан дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашылады. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков.
Елорда төрінде араға 29 жыл салып бой көтерген жаңа қазақ драма театры ғимараттың салтанатты ашылуы мен мерейлі XXX маусымын қайырымдылық шарасымен бастауды мақсат етіп отыр. 14-15-16 желтоқсан күндері, сағат 19.00-де Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Абай» трагедиясының жаңаша нұсқасын ұсынады.