Шәкен Айманов ашқан Кино үйін түнгі клубқа айналдырған кім?

Автор: Azattyq Rýhy

Киногерлер өздеріне тиесілі ғимаратты сот арқылы қайтарып алды

Фотоколлаж

Еліміздің кәсіби кино мамандарының басын біріктіретін қоғамдық ұйым – Қазақстан кинематографистер одағы 1963 жылы құрылған. Одақтың бірінші құрылтайы өтіп, оны басқаруға Шәкен Айманов сайланады. Содан бері киногерлер одағына Олжас Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов, Әкім Тарази, Рашид Нұғыманов, Ораз Рымжанов, Максим Смағұлов, Әмір Қарағұлов, Асанәлі Әшімов, Игорь Вовнянко және жас маман Ахат Ыбыраев төрағалық етті.

Кино үйі Дінмұхамед Қонаевтың пәрменімен 1969 жылы ашылды. Бұл кино және драматуригия саласындағы зиялы қауымның көптен күткен қуанышы еді. Кеңес Одағы тарағанша бұл мекен белгілі қазақ киногерлерінің бас қосып, шүйіркелесетін ғана емес, ғаламат идеялар туындайтын шығармашылық одағына айналды. Жаңа шыққан фильмдер талқыланып, шетелдік кинолар көрсетіліп тұратын.

Нарықтық заман Кино үйінің шырқын бұзды. Тоқсаныншы жылдары мемлекеттің қамқорлығынан қағылған шығармашылық үйлерін жаппай жекешелендіру жүргізілген еді. Сол кезде кәсіпкерлердің бірі бұл ғимараттың 60 пайызын сатып алып, қоғамдық тамақтандыру орнына, сосын түнгі клубқа айналдырған. Қазір бұл жерде «Gan Bei» деген атпен жастар арасында аса танымал көңіл көтеру кешені жұмыс істейді. Ал ғимараттың негізгі бөлігі, яғни көлемі 900 шаршы метр болатын аумағы киногерлер иелігінде қалған. Екі мыңыншы жылдардың соңына дейін мұнда «Еуразия» кинофестивалі, шетел киноларының апталығы, киногерлердің «Құлагер» тәуелсіз сыйлығы салтанатты түрде табысталатын.

2016 жылы Қазақстан кинематографистер одағы 31 жастағы Ахат Ыбыраевтың қолына өтеді. Көпке беймәлім жас режиссер Кино үйінің одаққа қарасты бөлігін жалға беріп, ол жерді коммерциялық мақсатқа пайдалана бастайды. Көп ұзамай түнгі клуб ашылып, шығармашалық адамдарына оның есігі жабылған.

Басынан бақ тайған Киногерлер одағы 2018 жылы ақпанда кезектен тыс съезд өткізіп, ұйымға белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың кандидатурасын ұсынған. Сол жиында КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов одақтың алдына Кино үйін қайтару міндетін қояды. Ғимаратты жалға алған кәсіпкерлерді сотқа берген Қазақстан кинематографистер одағы 2,5 жылдан соң, жеңіске жеткенін айтып отыр.

Бүгін одақ мүшелері сот орындаушыларымен бірге келіп, ғимараттың ішіне кіруге мүмкіндік алды. Жылусыз және жарықсыз қалған мекеменің іші де, қасбеті де толықтай өзгеріске ұшыраған.  Киногерлер одағының атқарушы директоры Қанат Төребай соттасу оңай болмағанын және осы күнге дейін ондаған сот инстанциясынан өткенін айтады.

«Кезіндегі төраға Ахат Ыбыраев деген жігіт осы киногерлер одағын басқарғанда, жалға беріп жіберген. Бірақ біз осы одаққа келген соң, келісімшарт заңсыз екенін анықтадық. Ол кіріптарлықтан, лажсыздан жасалған деген шешімге келдік. Ғимаратты ұстап тұра алмаған соң, басқа біреуге берілген болуы керек.

Сот орындаушысының көмегімен кірдік. Бірнеше рет сот болды, жоғары сотқа бардық, бірнеше апелляция болды. Бірақ біздің қолымызда ғимаратқа кіру туралы сот шешімі бар. Заң бойынша ғимарат – біздікі. Жалға алушылар бірдеңе салмас бұрын, Киногерлер одағымен жобаны талқылап, ішіне қандай бизнес жүргізетінен ақылдасуы керек еді. Ол істелмеген. Осы екі жарым жылда бұл мекеме бір тиын да жалға беру құнын төлеген жоқ», - дейді одақтың атқарушы директоры.

Бүгін ғимаратты көруге КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов, режиссер Сатыбалды Нарымбетов, режиссер әрі Киногерлер одағын бұрын басқарған Игорь Вовнянко сияқты ардагерлер арнайы келген.

«Бұл осыдан 60 жыл бұрын Шәкен Айманов пен Қонаев екеуінің жасаған кино үйі, киногерлерге берген сыйлығы, біз оны көп уақыт пайдаландық, осында отырып әңгімелесуші едік. Ал соңғы бірнеше жылда кино қайраткерлерінің бас қосып, бір шыны шай ішетін орны болмай қалды. Шығармашылық адамдарына мұндай орталық керек. Сценарий талқылау үшін, ойларын айту үшін, сол жұмыстардың сапалы шығуының өзіне де осындай кездесулердің әсері болды.

Бұрын біз әңгімелесу үшін осы жерге ғана келуші едік. Осында кино көрдік. Қонақтарды осы жерде қарсы алып, шығарып салатынбыз. Қазір келіп отырмыз, жарық жоқ, жылу жоқ, талқанын шығарып, бәрін бұзып кеткен. Енді жөндейміз деп жатыр, қала әкімдігіне айта ма, қалталы азаматтарды тарта ма? Тіпті киноны көрсететін жер қалмады. Премьераларды осы жерде жасап, артынан талқылап отыратын жер осы болады енді деп үміттенемін», - дейді Асанәлі Әшімов.

Қазақстан кинематографистер одағының қазіргі төрағасы Ермек Тұрсынов алға қойылған миссияға жету үшін екі жарым жыл текетірес болғанын айтады. Бірақ заң орындары коммерциялық мақсатта жасалған келісімдердің заңсыздығын әшкерелепті.

«Сот басталмай тұрып, оның жалға берілгенінен хабарсыз едік. Мен одан бұрын киностудияның архивіне кіріп, кейбір кинодеректерді қарап шықтым. Сол үзінділерде осы ғимараттың ашылуында Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Шәкен Аймановтар болыпты. Олар үлкен мереке деп қуанғанын көрдім. Камералар арттарынан жүреді де, олардың екінші қабатқа көтерілгенін көрсетеді.

Біздің өзіміз студент кезде Жазушылар одағына барып, «Қарлығаш» деген кафеге аялдап, сосын осы жерге арнайы келетін едік. Сонда осы екінші этажда барлық зиялы қауым өкілдерін кездестіруге болатын-ды. Ақылдасатын, араласатын, жылы қарым-қатынас болғанда, сол жерде небір идеялар туатын. Бәріміз кітап оқимыз, музыка тыңдаймыз, кино көреміз. Жай ғана «шәй ішу» емес, бұл жерде адамдық қарым-қатынас болатын. Шығармашылық адамдар осы жерге келіп қарым-қатынас жасайтын. Театр, кино, муызка дүниеге келетін.

Шығармашылық одақтардың жағдайын білесіздер, біз бәріміз «мәдениетті қайыршымыз». Егер шындықты айтар болсам, бізде қаражат жоқ. Бірақ осы сот басталғанда өзімнің қалталы достарымды ертіп әкеліп, осында жөндеу жұмысына көмектесуді сұраған едім. Бұрынғы қалпына келтіріп, өзімізге жағымды келбетіне сай жасап берсе дейміз. Ары қарай коммуналдық төлемдерді өзіміз көтеріп, ұстап тұра аламыз», - дейді Ермек Тұрсынов.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы