«Хантәңірі» театрының ұжымы жергілікті әкімдік мамандары, оқушылар және қарапайым еңбеккерлерден жасақталған
Алматы облысындағы ең шалғайда орналасқан Райымбек ауданында «Хантәңірі» халық театры өнерсүйер қауымға есігін айқара ашты. Ол 1960 жылы құрылған «Нарынқол» халық театрының орнын басты. Тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру кезінде жабылып қалған өнер ордасы араға 23 жыл салып шымылдығын қайта түрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кеңес үкіметі аудан орталықтарында халық шығармашылығына үлкен мән берген. Театр идеологияның құралы ғана емес, «Ел іші – өнер кеніші» деген қағидамен ауылда жүрген өнерлі адамдардың талантын таныта білді. Арнайы білімі болмаса да, бойындағы артистік қабілетін шыңдауға жол ашып, тіпті бүкілодақтық деңгейде гастрольдік сапарларға шығып тұрған. Олардың өнеріне академиялық деңгейдегі театрлардың режиссерлері таңдай қағып, кәсіби артистер аяқ тартқан.
Дәл осындай өнер ордасының бірі – Алматы облысы Райымбек ауданында 1963 жылы құрылған «Нарынқол» халық театры болатын. Өнер ұжымының құрылуына Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Мақай Нұрқасов, Алдаберген Нұрбеков, жазушы Тұрсынбек Тілемісов, Тұрақан Сыдықова, Мэлс Серғалиев, Клара Қалиева, Нұрлыбек Жылқыайдаровтар атсалысты.
«Халық театры» атағын Алматыда қорғаған соң бұл ұжымға ерекше көңіл бөлінді. Қазақ КСР Мәдениет минстрлігі ауыл мәдениетін көркейту үшін кәсіби мамандарды осындай халық театрларына көмекке баруына, кеңесші болып үйретуге, оқытуға арнайы тапсырма берді. Сол кездері М.Әуезов академиялық драма театрында қызмет істеп жүрген актер, режиссер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Алдаберген Нұрбеков Нарынқол халық театрына режиссер болып тағайындалады.
Алдаберген Нұрбеков кәсіби маман болғандықтан Нарынқол халық театрына жеке штат бөлдіріп, актерларды басқа жұмыстардан босатқан. Олар тек театрда ғана еңбек ететін мүмкіндік алып, ұжым кәсіби театр деңгейіне жетті. Әдетте халық театрына ұжымшар еңбеккерлері, мұғалімдер немесе өнерге бейімі бар кез-келген адам бос кездерінде келіп қатысып жүрсе, «Нарынқол» театры негізінен кәсіби білімі бар шығармашылық адамдарынан құрылды, дейді осы театрдың алғашқы актрисаларының бірі Алтынгүл Ысқақова.
«Ауданда қойылатын әр премьераға Алматыдан кәсіби мамандар келіп, бағасын беретін. Асқар Тоқпанов, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Ыдырыс Ноғайбаев сынды шеберлер арнайы келіп, сын-ескетрпесін айтып, ақыл қосып жүрді. Алдаберген Нұрбековтің өзі де театр артистерінің кәсіби деңгейде тәрбиеленуі үшін театр туралы әдебиеттер мен оқулықтарды алғызып, қойылымдарды сахналау барысында оқытумен де айналысты», - дейді Еркін Ібітановтың жары А.Ысқақова.
1970 жылы театр Мәскеу қаласына барып, Бүкілодақтық байқаудан лауреат атанып қайтқан. Кейін «Нарынқол» халық театрына ұзақ жылдар Әбдіғалым Наймантаев режиссер болды. Олы зайыбы Рафия Райжановамен бірге бұл театрға 1964 жылы келген. 1963 жылы Қазақ КСР халық артисі Дәнеш Рақышев Панфилов ауданы Үшарал ұжымшарында халық театрын ашып, Мәскеуге алып барады. Ол театрдың да алғашқы құрамы керемет еді. Қазіргі танымал актер Нұржұман Ықтымбаев, Дәнеш Рақышев, әнші Ерғали Наймантаевтар еңбек етеді. Сол Мәскеу сапарынан келген соң, сахнада ерекше көзге түскен Әбдіғалым мен Рафияны байқап қалған Алдаберген Нұрбеков мәдениет минстрлігі арқылы ерлі-зайыпты актерлерді Нарынқолға ауыстырып алады.
Әбдіғалым Наймантаев пен Рафия Райжанова кейінгі жылдары құрылған «Терісқақпай» сатира театрының негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаевтың ата-анасы. Тоқсаныншы жылдары өнер ұжымын Асқар Наймантаев, Бақытжан Атагелдиев сынды азаматтар басқарған. Бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты халық театры 1997 жылы жабылады.
«Хантәңірі» деген атпен қайта тіркелген ұжым 28 қазанда Талдықорған қаласында Бикен Римова атындағы театрда халық театры атағын қайта қорғады. Әзірше он адамнан тұратын ұжым М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының негізінде спектакаль қойды. Ұжым негізінен кәсіби әртістерден емес ел ішіндегі еңбеккерлер мен жергілікті әкімдіктің қызметкерлерінен және үлкен сынып оқушыларынан құралған.
Қазақстан Халық артисі, өнер тарланы, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған бір топ кәсіби маман қойылымды тамашалап артынан бағасын берді. ҚР Театр қайраткерлері одағының төрағасы «Хантәңірі» театры енді елдегі 56 театрдың қатарына қосылғанын мәлімдеді. Ол ұжымның одаққа мүшелікке алынғанын растайтын құжатты табыстады.
«Қазақтың қанына сіңген өнер деген ұлы қасиеттің, құпияның куәсі болған құттыхана мешітпен бірдей. Жастардың бүгінгі ойынынан өнер – жүректің ісі екенін ұқтық. Біздің өнеріміз биікте болуы керек. Қазақтың тарихта қалған есесі көп. Осы сахнадан жоғалғандарымыз табылып, болашағымызға деген үміт арта береді. Мен Қазақстанның 56 театрының атынан, сонда қызмет жасайтын театр қайраткерлері одағы атынан және солардың 2500-ден астам мүшелерінің атынан бүгін қайта шымылдығын көтерген, қайта туған «Нарынқол» театрына басымды иемін»,- деді Т.Жаманқұлов.
Өнер ұжымын жаңадан құрған театр режиссері Асқар Наймантаев алдағы уақытта туындайтын барлық қиындыққа дайын екенін, бұл іске үлкен жауапкершілікпен келгенін айтады. Театрды құру, оның шымылдығын ашу оңай болған жоқ. Бірақ оның өміршеңдігі мен ары қарай жұмыс істеп кетуі одан да қиын, дейді театр жетекшісі. Енді аудан деңгейіндегі, облыс деңгейіндегі басшылар жеке штат ашуға, техникалық жарақтандыру мәселесінде көмектеседі деген үміт бар.
«Халық театрының күшімен де үлкен жоба жасауға болады деген мүмкіндіктің көзін ашып, Алматы облыстық әкімшілігі ерекше назар аударып, мәдениет басқармасы облыстың өзге аудандарда да халық театрларын ашу туралы шешім шығарып отыр. Облыс басшыларының бір көрегендік танытып, ауыл мәдениетін өркендетуге жасаған құтты қадамына разы болып отырмыз. Дегенмен, шаруа күйттеп, тендер аңдып, пайда іздеген шенеунік ағайындар арасында осы идеология жағалаған белсенділер де күңкілі мен күдігін жасыра алмай, бетіне күлше піскен эмоциясын көрсетіп жатқандары да бар. Бірақ біз оған қарамаймыз. Театр қайтадан өмірге келді», - дейді Асқар Наймантаев.
Айта кету керек, 2018 жылдың сәуірінде Райымбек ауданы қайта ашылды. Ауданның алғашқы әкімі марқұм Жолан Омаров өнердің қарашаңырағын қайта көтеруге мұрындық болған. Бірақ игі бастама аяқсыз қалмай, жаңа ауданның қазіргі әкімі Нұржан Құдайбергенов театрдың қайта жаңғыруына қолдау білдірген. Облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасы рсеми құжаттарын әзірледі. Жақында Алматы облысы Ұйғыр ауданында тағы бір халық театры ашылады. «Қарадала» театры да жергілікті халық үшін қойылымдар дайындап жатыр, дейді режиссер әрі актер Асқар Наймантаев.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы