Анталияда Абай саябағы ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ ақынның құрметіне ескерткіш тақта ашылды

Фото: gov.kz

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің бастамасымен қазақ халқының ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ пен ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Рәсім барысында елші Абзал Сапарбекұлы саябақтың ашылуына қолдау көрсеткені үшін бауырлас Түркия мемлекетіне өз алғысын білдіріп, халықаралық деңгейдегі осындай іс-шаралар алдағы уақытта да екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Анталия қаласы Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Үйсал, саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін беру қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететін маңызды іс-шара екенін атап өтті. «Абай есімі түркі әлемін бірлікте ұстайтын ұлы есімдердің бірі» екенін айта отырып, екі ел арасындағы бірлік пен ынтымақтастыққа өзіндік үлес қосатынын жеткізді.

Абай Құнанбайұлы саябағында ескерткіш тақтаның ашылуына Анталия қаласы Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал, елдің саяси және қоғамдық қайраткерлері, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығы төрайымы және мүшелері, жергілікті қазақ диаспорасы, қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты.