Жоба жаңа технологиялар негізінде жасалған
Ақмола облысының Зеренді ауданында қазақы киіз үй стилінде жаңа ғимарат пайда болмақ. 17 керегеден тұратын «aқылды киіз үйдің» ерекшелігі - Қазақстанның әрбір өңірімен QR-код арқылы ақпарат алмаса алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Керегелі қазақ елі» атты киіз үй формасындағы жаңа архитектуралық туынды Зеренді селосының кіреберісіне орнатылмақ. Жаңа жоба «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
«Жаңа технологиялар негізінде жасалатын «Ақылды киіз үй» туристер үшін таптырмас құрал болмақ. Ол ауылды жерлерде тұрмыс сапасын жақсартып, елдегі әлеуметтік ортаны жаңғыртуға, оларды өңірлік стандарттарға жеткізуге бағытталып отыр», - дейді аудан әкімі Бауыржан Ғайса.
Шаңырақта Қазақстанның контурлық картасы бейнеленсе оның жан-жағынан айналдыра орнатылған 17 керегесіне Қазақстанның 14 облысы мен 3 қаласы жайлы мәліметтер беріледі. «Ақылды киіз үйдің» керегелерінде QR-кодтар орналастырып, елдің әрбір аймағы туралы ақпараттар беріледі. Оның көмегімен кез келген турист Қазақстандағы өзін қызықтырған кез келген облыс немесе қаланың тарихымен таныса алады.
Зеренді ауданы ішкі саясат басқармасының басшысы Клара Сағындықованың айтуынша, құрылыс жұмыстары шілде айында басталған. Қазір жұмыстың тоқсан пайызға жуығы аяқталған.
«Алтын жалатылған ақшаңқан түсті киіз үй біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасын бейнелейді. Алыстан мен мұндалайтын архитектуралық туынды қазақ халқының рухы мен айбынын әйгілей түседі», - дейді Клара Сағындықова.
Архитектуралық миниатюра авторы Сәкен Мүжібаев өзінің жаңа жобасын «Керегелі – қазақ елі» деп атауды жөн санапты.
«Мен қазақ халқының салт-дәстүрлерін, отбасындағы жылулықты, ата-бабамыздың арман тілектерін бейнелегім келді. Керегелердің арасы қай жағынан да ішіне еркін кіріп шығатындай етіп ашық жасалған. Ішіне кіріп шаңыраққа қараса, Қазақстанның контурлық картасы көрінеді. Керегенің ішкі жағы үлкен. Облыстың әрбір түкпірі туралы кез келген ақпаратты орналастыруға болады», - дейді Сәкен Мүжібаев.
Ал зеренділік тұрғындар жаңа ғимаратты «Ақылды киіз үй» деп атап кетті.
«Бұл өңірімізге туристерді тартуға ықпал ететіні анық. QR-код арқасында Қазақстанның кез келген түкпірі жайлы білуге болатындай етіп өте керемет шығарылған. Біз оны «Ақылды киіз үй» деп атадық», - дейді Ксения Балмағамбетова.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы