Шымкентте Нұрлан Есенқұловтың «Әке үміті» атты шығармашылық кеші өтті

Автор: Бақыт Шынар

Кеш барысында ақынның сөзі мен әніне жазылған әндер шырқалып, ақындар айтысты

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкенттегі «Қызғалдақ» сарайында айтыскер ақын, сазгер, Мәдениет саласының үздігі Нұрлан Есенқұловтың қырық жасқа толуына орай «Әке үміті» атты мерейтойлық кеш өтті. Ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында ұйымдастырылған рухани басқосуда өнер иесінің айтыс сахнасындағы жолы, сазгерлік қыры мен әдеби-музыкалық мұрасы кеңінен ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Тәуелсіздік жылдарында қазақ айтысының өрісін кеңейтіп, әсіресе қыз бен жігіт айтысының шебері ретінде елге танылған Нұрлан Есенқұловтың шығармашылығында туған жер, ата-ана, махаббат пен елдік мұрат айрықша орын алады. Кештің шымылдығы ақынның арнауымен ашылып, ол өзінің сөзі мен әнін жазған «Қайтесің?», «Әке», «Анама», «Арыстың теміржолы» әндерін орындады, сондай-ақ Қанат Тасқанмен бірге «Жар іздеп жүрмін» туындысын шырқады. Әке мен анаға арналған әндер көрерменге сағыныш пен перзенттік парыздың ортақ үнін жеткізді.

Сахна төрінде ақынның әндерін танымал орындаушылар да жаңа қырынан ұсынды: Заттыбек Көпбосынов «Қайда жүр?», Наркенже Серікбаева «Ақ келін», Әділет Жауғашар «40 жас», Бекзат Сәкенұлы «Айнұрым», Айнұр Әбілда «Ақжүрек жаннан айналдым», Ғабит Шырынбеков «Сырға» әндерін орындап, айтыскерлер Карима Оралова, Анар Жаппарқұл, Нұрмұхан Жақыпбек пен Мейіржан Жақып әсем әнмен кеш көркін ашты. Айтыс бөлімінде Жұлдыз Қожабекова, Мөлдір Айтбаева және Алтынгүл Қасымбекова мерейтой иесімен әзіл мен тапқырлыққа толы сөз сайысын өткізсе, Жастар театрының актерлері ақын өлеңдерінен сахналық композиция қойды.

Арнайы келген Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтай айтыстың ұлт руханиятындағы орнына тоқталып, Нұрланды «сегіз қырлы, бір сырлы» талант иесі ретінде жоғары бағалады, шапан жауып, ақ тілегін арнады. Өз кезегінде мерейтой иесі жетістігінің бастауында әкесінің тәрбиесі мен үміті, отбасы, ұстаздары мен халық қолдауы тұрғанын атап өтіп, кешті алғыс кеші ретінде қабылдайтынын жеткізді.

«Әке үміті» кеші ән мен жырды, әзіл мен айтысты бір арнада тоғыстырып, Нұрлан Есенқұловтың төл өнерге адалдығы мен көпқырлы болмысын айқындаған мазмұнды рухани кешке айналды.