Медаль композиторларға, дирижерлерге, ән авторларына да арналады
Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Жұмабайұлы «Шәмші Қалдаяқов» медалі кімдерге берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» фракциясының мүшесі Гүлісхан Нахбаева бұл медаль нақты кімдерге берілетінін, яғни, марапаттың ауқымына қатысты сұрақ қойды.
«Шәмші Қалдаяқовтың есімі ұлттың мақтанышы. Ол әрбір қазақстандық үшін өте қымбат және ең алдымен халық сүйіп тыңдайтын әндермен байланысты. Бұл награда дәл осы ән шығармашылығына және халық арасында «хит» болған әндердің авторларына ғана беріле ме әлде бұл медальді музыкалық педагогика мен жас таланттарды тәрбиелеуге қосқан көп жылдық үлесі бар адамдарға да беріле ме?», - деп сұрады депутат.
Бұл сұраққа жауап берген Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Жұмабайұлы медальдің ауқымы кең болатынын, тіпті, дирижерлер де алатынын мәлімдеді.
«Медалдің ауқымы кең болады. Тек эстрада немесе дәстүрлі ән орындаушыларына ғана емес, композиторларға, дирижерларға, ән авторларына арналған. Ең алдымен музыка өнеріне үлес қосқан, оның ішінде ұстаздар да, жаңа буын да кіреді. Яғни негізгі өлшем өнерге қосқан үлесі мен жетістігі», - деп түсіндірді Қанат Жұмабайұлы.
Айта кетейік, Құрылтай «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы аясында «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы ұсынылды.