Junior Eurovision: Ержан Максимнің дайындығы қалай?

Автор: Azattyq Rýhy

Әлем көз тігетін сайысқа еліміздің атынан «Балалар дауысы» жобасының жеңімпазы Ержан Максим қатысады

24 қарашада Польшаның Гливице қаласында «Балалар Евровидениесі» басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Дүбірлі додада 9 бен 14 жас аралығындағы әншілер өнер көрсетпек. Әлем көз тігетін сайысқа еліміздің атынан «Балалар дауысы» жобасының жеңімпазы Ержан Максим қатысады.

Атап өтсек, «Хабар» Агенттігі 2016 жылы айтулы шараны ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі атанды. Бұл байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берілген. Осының нәтижесінде Қазақстан «Балалар Евровидениесіне» екінші мәрте қатыспақ.

Биыл ел намысын қорғайтын Ержан Максим сайыста «Арманыңнан қалма» туындысын орындайды. Әнге Алматы қаласында клип те түсірілген. Жалпы, «Junior Eurovision» байқауының шарты бойынша қатысушы еш жерде жарияланбаған 3 минуттық композицияны жанды дауыста орындауы тиіс. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Ержанға тәжірибелі әнші, мамандар ақыл-кеңес беруде.

Еске салсақ, «Junior Eurovision» алғаш рет 2003 жылы Данияның Копенгаген қаласында өткен. Ал биылғы байқауға 19 елден өрендер қатысады. Ержан үшін тақым қысып, тілекші болып отырғандардың арасында алғашқы ұстазы да бар.

«Бүгін ұйқыдан тұрып парақшасын ашып қарап едім, Ержан Андреа Бочеллиді тындайтынын айтыпты. Әлемдік жұлдыз ағасымен танысқан, Димаш та, бәрі сол кісінің қасында жүр екен. Әнін айтып көрсетіп жатыр. Андреа сүйемелдеп отыр. Бұл өте қуанышты жағдай», – дейді Е.Максимнің ұстазы Дария Бақытова.