Бүгінгі таңда елімізде таза тұқымды тазылар саны 5 мыңнан асады
Бүгінде ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз – қазақы тазыны сақтап қалу және саятшылық мәдениетін жаңғырту мәселесі назар аударуды талап етеді. Осы орайда «Номад» ұлттық аңшылық клубының өкілі, тәжірибелі кинолог Әділхан Түкеновпен сұхбаттасып, тазының өзіне тән биологиялық ерекшеліктері, аңшылық философиясы және саладағы түйткілді мәселелер төңірегінде Azattyq Rýhy тілшісі тілдескен еді.
Тазы - әмбебап жануар
Әлемдік кинологияда аңшы иттер негізінен екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі – аңның иісін алып, ізінен табатындар, екіншісі – олжасын көзбен көріп, қуып жететін тұқымдар. Қазақы тазының бойында осы екі қасиет те бар. Ол әмбебап жануар. Тазы қалың шөп пен бұтаның арасында жасырынған аңды иісінен тауып, орнынан үркітіп шығарады. Аң қаша жөнелгенде, шапшаңдығымен жетіп алады.
Бізде саятшылық мәдениеті қалыптаспаған
Әділхан Түкеновтің айтуынша, бабаларымыз үшін саятшылық олжа табудың жолы болмаған. Оның өзіндік философиясы бар. Бұрынғы саятшылар табиғатқа ерекше мәрттікпен, жанашырлықпен қараған. Жазғытұры қыр тағысы төлдеп жатқанда тазыны байлап баққан. Өйткені бос жүрген тазы жан-жануардың төлін қырып салады. Қансонар уақыты келгенде тазыларды ағытып, аяңдатып, бабына келтірген. Сөйтіп барып қана саятшылық құрған.
Ит иесінің көңіл-күйін сезеді
Тазы адамның ішкі эмоционалды күйін сезеді. Саятшылықтың нәтижелі болуы тазы мен оның иесінің бір-бірін сөзсіз түсінуіне байланысты.
«Тазы - адамның құлы емес. Ол өз қалауымен аңшылыққа шығады. Тазыны баптау күшпен, зорлықпен жүзеге аспайды, ол тек арадағы шексіз сенімге сүйенеді. Тазының иесіне деген сенімінің арқасында саятшылық нәтижелі болады», – дейді кинолог Әділхан Түкенов.
Ең әлсіз тазының түлкілік өнері болады
Әділхан Түкеновтің айтуынша, тазының бойындағы туабатты қасиет – оның жылдамдығы. Бұрынғы аңшылар тазының қабілетін сұрағанда: «Түлкілік өнері бар ма?» – деп тексеретін. Түлкі алу – тазы шеберлігінің ең төменгі шегі саналса, ең жоғарғы шегі – киік, қарақұйрық, елік сияқты тұяқты аңдарды алу.
«Тазыға қатысты «интеллект» ұғымын қолдануға болады. Өскен сайын тазының өнері мен ақылы дами түседі. Жас тазы аңды көре сала соңынан қуа жөнеледі. Сақа тазы аңның қай бағытқа қарай қашатынын алдын ала сезіп, соңынан жүгірмей, көлденең қиғаштап, жолын кеседі. Тазы есейген сайын өзінің тактикалық интеллектін жетілдіріп отырады», – дейді ол.
Тазының кеңінен танылған 3 түрі бар
Еліміздің кең-байтақ территориясына байланысты тазының да аймақтық түрлері қалыптасқан. Биологиядағы Бергман заңына сүйенсек, жануар неғұрлым солтүстікке қарай өмір сүрсе, соғұрлым дене тұрқы ірі, жүні қалың болады. Соған байланысты Арқаның тазылары ірі әрі түбітті келеді, оңтүстікте ыстыққа төзімді тықыр терілі түрлері бар.
Әділхан Түкенов тазының негізгі 3 түрін атап өтті.
Тұқымды будандастыру мәселеге айналып отыр
Бүгінгі таңда елімізде таза қанды тазылар саны 5 мыңнан асады. Кинологтың сөзінше, тазыға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Өйткені соңғы жылдары асылдандыру және жас аңшыларға саятшылық мәдениетін үйрету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның айтуынша, саладағы ең өзекті проблема – будандастыру болып отыр.
«Жас аңшылардың көбі қысқа қашықтықтағы жылдамдыққа қызығып, тазыны еуропалық жүйрік ит тұқымдарымен будандастыруға әуес. Тазының табиғаты ұзаққа жүгіруге бейімделген, өте төзімді жануар. Соған қысқа қашықтықтағы жылдамдықты қосамыз деп, қазақы тазының бірегей гендік қорын бұзып алу қаупін тудырып отыр. Мұндай будандасқан иттердің есебін жүргізу қажет», - дейді ол.
Заңнаманы жетілдіру қажет
Әділхан Түкенов екінші өзекті мәселе ретінде - мезгілсіз аңшылық жасауды атады.
«Бүгінде аң аулау маусымына қарамай тазы ағытып, табиғатқа зиян келтіріп жататындар бар. Сонымен қатар иесіз жүрген асыл тұқымды тазыларды атып кететін жағдайлар кездеседі. Осыған байланысты аңшылық заңнамасына өзгерістер енгізу қажет деп есептеймін. Мәселен, үйрек аулау немесе еуропалық тұқымды иттермен аңшылық жасауға белгілі бір мерзімде рұқсат берілетіні сияқты, тазы ағытатын аңшылар үшін де арнайы заңды мерзім белгіленгені жөн. Кез келген уақытта, кез келген жерде аң-құсты қыруға жол бермей, саятшылықты заң аясында ретке келтіру керек деп ойлаймын», - деді ол.
Спикер саятшылық дегеніміз – табиғатты тонау емес, табиғаттың өзі берген сыйын құрметтей отырып, түз тағысы мен баптаған тазы арасында әділ бәсеке жасау дейді. Оның айтуынша, қазақы тазыны сақтап қалу дегеніміз оның санын көбейту емес. Оның тұқым тазалығын сақтап, табиғи қасиетін жоғалтпауға атсалысу және тазы ұстайтындар арасында саятшылық мәдениетін дамыту.