Қазақ вальсінің королі: бүгін Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толды

Автор: Дәулет Ботагөз

Шәмші феноменінің басты ерекшелігі – оның әндерінің бүкіл қазақ халқына кеңінен танылуында

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

15 тамызда Қазақстанның халық әртісі, көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толды. Ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келген сазгер 1950 жылдан бастап шығармашылықпен шұғылданған. Кейін 1956–1962 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алып, ұлттық музыка өнеріне жаңа дем сыйлады.

Шәмші саздары өзінің ғажайып сыңғырымен, ұлттық нақыштағы нәзік лирикасымен ерекшеленеді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында сазгердің шығармашылығын Ақан сері мен Біржан салдан кейінгі «жыл келгендей жаңалық»ретінде жоғары бағалаған.

Шәмші феноменінің басты ерекшелігі – оның әндерінің бүкіл қазақ халқына кеңінен танылуында. 1960–70-жылдары композитордың шығармалары жастар арасында ерекше танымал болып, шетелдік әйгілі топтардың әндерімен қатар сүйіп тыңдалды. Оның туындылары жастарды да, аға буынды да, өзге ұлт өкілдерін де баурады. «Арыс жағасында», «Ақ бантик» сынды әндері бірнеше буынның қуанышы мен мұңын жеткізген, уақыт сынынан өткен өлмес мұраға айналды.

Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығындағы шоқтығы биік туындысы – «Менің Қазақстаным» әні. Отаншылдық пен елшілдіктің биік рухын сипаттайтын бұл шығарма қазақ халқының тарихында айрықша орны бар.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы майданында осы әнді ұран етіп шырқады. Ал 2005 жылдан бастап бұл туынды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып ресми түрде бекітілді.

Қазақ даласының кең тынысын, ұлттық болмысын танытқан композитордың әндері бүгінде миллиондаған тыңдарманның жүрегінен берік орын алып, халықпен бірге жасап келеді.