Тоқаев Алтын Орданың интеллектуалды мұрасына «біздің өңірге» тән «идеологиялық субстанция» ретінде қарауды ұсынды

Автор: Бақыт Шынар

Бұл ретте ол тарихшыларға ең алдымен зияткерлік мұраны зерделеуді тапсырды

Фото: Ақорда

Бүгін Астанада өтіп жатқан «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың зияткерлік меншігі мен сұрасы жайлы тың ойларын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Алтын Орданың интеллектуалды мұрасы аса бай әрі аса маңызды.

«Бірінші. Алтын Орда феноменін мыңдаған жыл бойы Еуразия жүрегінде қалыптасқан бай интеллектуалдық кеңістіктен бөліп қарай алмаймыз. Орта ғасырларда Ұлы дала озық идеяларды ұсынған әлемдік орталықтардың біріне айналғаны мәлім. Орталық Еуразиядағы көшпелілер тіршілігінен, түркі-моңғол мұраларынан, ислам дәстүрлерінен және христиан қауымдастығына жататын халықтардың дүниетанымдық қағидаттарынан нәр алған ақыл-ойдың құнарлы топырақта қанат жаюы заңды еді», - дейді Тоқаев.

Президенттің пайымынша, бұл идеялар эволюциясы үздіксіз жүрген кезең еді. Әр ғасыр Ұлы даланың ақыл-ой кенін байытып, жаңа құндылықпен толықтырып отырды.

«Осы терең сабақтастықты түйсінбей, Алтын Орданың өркендеу сырын объективті бағалау қиын. Әлбетте, бұл орайда Алтын Орданың негізі қаланғанға дейінгі кезеңдерде өмір сүрген әйгілі ойшылдардың ғылыми, философиялық, әдеби мұраларының мән-маңызы зор. Ең алдымен, тарихта Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атымен мәлім әлемдік философияның негізін қалаушылардың бірі – Әбу Насыр әл-Фарабидің орны ерекше. Ол «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында әділдіктен айнымау, білімге құштарлық және адамгершілік қасиеттерді шыңдау арқылы баршаға бірдей игілікке қол жеткізуге болатынын жан-жақты айтқан. Оның ойлары түрік, мұсылман әлеміндегі кейінгі саяси-философиялық дәстүрлерді түсінуге маңызды бағдар болды», - дейді Тоқаев.

Сондықтан, Тоқаев қадап айтқандай, «Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды». 

«Осы зияткерлік және рухани сабақтастық сан ғасырларды көктей өтіп, хакім Абайдың шығармаларынан көрініс тапты. Ұлы ойшыл «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы кемеңгер тұлға тәрбиелеудің формуласын ұсынды. Оның өзегінде «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» үштағаны тұр. Сондықтан Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды. Осынау рухани қазынаның бүкіл әлем үшін мән-маңызы зор. Бұл – біртұтас философиялық, идеологиялық мұра», - дейді президент.

Сондықтан, Қазақстан осы идеялық құндылықтарды бағдар етуге және оны жан-жақты дәріптеуге ниетті. Жуырда айналымға енген «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» ордендері де осы жолдағы маңызды шешім.

«Бұл жоғары наградалар ғылым мен руханиятты дамытуға айрықша үлес қосқан тұлғаларға, соның ішінде шетелдік ғалымдарға, саяси және қоғам қайраткерлеріне табысталады. Таяуда ғана елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің тұңғыш иегері атанды. Осылайша, біз тарихи тағдыры ортақ туысқан халықтардың келешегі жолындағы ақыл-ой еңбегі мен ырысты ынтымақтың маңызды екенін айрықша атап көрсетеміз», - деді Тоқаев.