Қойылым тарихи құжаттар негізінде сахналанған
Астанада Жеңіс күніне орай Музыкалық жас көрермен театрында Мәншүк Мәметованың ерлігіне арналған «Мәншүк» музыкалық драмасы сахналанды, деп хабарлайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Қойылымда аты аңызға айналған қазақ қызының өмір жолы, майдандағы тағдыры мен қаһармандығы көрініс тапты.
Тарихи құжаттар негізінде сахналанған қойылым көрермендерге ерлігімен, қайсарлығымен және жанқиярлығымен ел жадында қалған аңызға айналған қазақ қызының өмірі мен майдан жолын баяндады. Сюжетте батыр қыздың бейбіт өмірден Ұлы Отан соғысындағы ауыр шайқастарға дейінгі өмірінің негізгі кезеңдері қамтылды.
Қойылым арқылы ар-намыс, ұлттық рух, жауапкершілік және Отанға адалдық тақырыптары көркем түрде ашып көрсетілді.
Спектакль авторлары – М. Қожахметова мен А. Молдағали. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Қойылым авторлары Мәншүк Мәметованың тек майдандағы ерлігін ғана емес, оның балалық шағын, отбасын, ішкі толғанысын және майданға өз еркімен аттану туралы шешімін де көрсетуге тырысқан.
Ұзақтығы 2 сағат 20 минутқа созылған музыкалық драма драмалық көріністерді, музыканы және соғыс жылдарының атмосферасын жеткізетін сахналық шешімдерді біріктірді.
Спектакльді тамашалауға соғыс қаһармандарының рухына тағзым етуге келген елорда тұрғындары мен қонақтары жиналды.
Ұйымдастырушылар жобаның басты мақсаты – тарихи жадты сақтау және жас ұрпаққа шынайы ерлік пен Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісін көрсету екенін атап өтті.
Қойылым Жеңіс күніне арналған мерекелік бағдарламаның бір бөлігіне айналып, 9 мамырдағы елордадағы басты мәдени шаралардың бірі болды.