Коннор Кампергини мен Туризм министрлігі өзара «түсінісе» алмай жатыр
Бір күн бұрын Америка мен әлемге танымал тревел-блогер Коннор Кампергини Қазақстанға келген болатын. Жұбайымен бірге Қазақстанға келген ол «мені туризм министрлігі күтіп алмады» деп, видео түсірген. Қазақстанның туризм министрлігі оның видеосына қатысты түсініктеме таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Блогер видеосының астына салмақты жазба жариялап, осы сапары туралы ақпарат берген.
«Сізді қандай да бір ел қонаққа шақырды делік. Сіз бірнеше апта бойы сол сапарға дайындалып, айлар бойы жоспар құрып, сол жоспарды келісіп, жетіп келгенде...Туризм және спорт министрлігі Сіздің келетініңізді ұмытып, күтіп алмаса, не істер едіңіз? Жоспар бойынша, бізді Қырғызстан сияқты күтіп алу керек еді. бірақ, алдымыздан ешкім шыққан жоқ. Қазақстанды шетелдіктердің көбі «Борат» арқылы таниды десек, бізді күтіп алмағаны көңілге тиді. Өз басым Қазақстанды табиғаты тамаша ел ретінде білемін», - деп жазған блогер.
Біздің министрліктің мәліметіне сүйенсек, танымал блогерді Қазақстанға «ешкім шақырмаған».
«Туризм және спорт министрлігі бірқатар бұқаралық ақпарат құралында жарияланған, америкалық блогерді ведомство арнайы шақырды деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарады. Министрлік шетелдік блогерлерді, туристік қауымдастықтар мен компанияларды топтық ақпараттық турлар аясында шақыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Ведомство қызметінде жекелеген жеке тұлғаларды шақыру қарастырылмаған. Ресми түрде жеке өтініштер түскен жағдайда министрлік жан-жақты қолдау көрсетеді. Алайда аталған блогерден министрлікке ешқандай өтініш келіп түспеген», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Бірақ, дереккөзге сүйенсек, Коннор Кампергини бұған дейін туризмді дамытумен айналысатын Kazakh Tourism ұлттық компаниясымен «сөйлескен». Бірақ, екі тарап өзара келісе алмаған көрінеді.
«Kazakh Tourism ұлттық компаниясы блогермен жеке хат алмасқан. Компанияның мәліметі бойынша, екіжақты келіссөздер нақты келісімге жетпей аяқталған. Kazakh Tourism ұлттық компаниясы өз тарапынан еліміздің туристік әлеуетімен танысу үшін ақпараттық қолдау көрсетуге және қажетті мәліметтер ұсынуға дайын», - деп сендірді компания.