Ауылдағы мәдениет үйінде 20 жыл еңбек еткен адам 200 мың теңге жалақы алады – Нартай Сәрсенғалиев

Автор: Бақыт Шынар

«AMANAT» депутаты вице-премьерге депутаттық сауал жолдады

Фото: parlam.kz

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдай отырып, ауылдағы мәдени қызметкерлердің әлеуметтік және экономикалық мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінгі депутаттық сауалым халқымыздың рухани өзегі боп табылатын мәдениет саласы хақында. Ауыл мен аудандағы мәдениет үйлерінде қызмет етіп, ұлт руханияты үшін өлшеусіз үлес қосып жүрген жандардың айлығы шайлығына жетпейтіні қатты қынжылтады. Маған жеткен мың мысалдың біреуін тілге тиек етейін,  мәдениет үйінде 20 жыл еңбек еткен адамның 200 мың теңге көлемінде айлық алғанда ашынғаннан ащы даусы шыққаны заңдылық емес пе?! Сыйақы мен үстемақы атаулыдан қағылып қалады көбісі. Мұндай мысал мың», - деді депутат сөзін бастай отырып.

Оның айтуынша, жалақының аздығы «ауыл мен ауданға консерватория мен өнер академиясын тәмамдағандар неге бармайды» деген жауыр болған сұрақтың жауабы болып отыр.

«Себебі жастар алдыңғы буын өнерпаздардың «шықпа жаным, шықпа» деген күйін көріп шалғайға шақырса да бармайды. Оларды жазғыруға болмайды, себебі әлеуметтік пакет жоқ. Қазір кей ауылдағы мәдениет үйлерінде өзі ұйымдастырушы, өзі режиссер, өзі сценарист, өзі жүргізуші, өзі көркемдік жетекші  болып жүрген жандар да бар екен. Өкінішті-ақ. Табысқа тәуелді тағы бір түйткіл, ауылдық мәдениет үйлеріндегі директорларға жұмыс өтілі де, санаты да саналмайды. Салдарынан олар қатардағы қызметкерлерден аз айлық алады. Бұл да түйіні тарқамаған түйткіл. Жұмыс күні елмен бірге еңбек ететін мәдениет саласының қызметкерлері мереке күндері демалған халықтың көңілін көтеру үшін тағы қызмет етеді, өнер көрсетеді. Одан қашпайды да шығармашылық тұлғалар, тек тынымсыз еңбекке төленетін ақы да ақылға қонымды болса дейді. Себебі мәдениет бұл ұлттық идеологияның ажырас бөлігі. Сондықтан мәдениеттің майталмандарына, шалғайда шығармашылықтың шамын сөндірмей отырған жандарға жалақыны көтеру керек. Бұл AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасына енген мәселе екенін еске саламын», - деді ол.

Депутаттық сауалында депутат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз» деген сөзін де мысалға алды.

«Сондықтан ұлы мұраны ұлтпен ұйыстырған салаға серпін керек. Мәдениет саласының майталмандары мәселені мәдениетті жеткізуге тырысқанымен қолда бар хаттарға қарасақ ашынғандары анық байқалады. Жаңа ауылдағы ахуалды айттым, ал қаладағы мәдениет үйі қызметкерлерінің жалақысы тіптен титімдей. Себебі оларға ауылға қосылатын 25% үстеме қосылмайды екен. Бұл қатарға шалғайда шатыры шайқалап тұрған мәдениет үйлерінің техникалық базасын қосыңыз. Озғанынан тозғаны көп. Орталықтағы залдардың акустикасы алыстағы ағайынның арызын басып кетпеуі керек», - деді депутат.

Аталған мәселелерді түбегейлі шешу үшін депутат мынадай ұсыныстарын айтты:

  • Ауылдық және аудандық мәдениет ұйымдарына күрделі жөндеу жасап, материалдық базасын жаңарту қажет.
  • Мәдениет саласы қызметкерлеріне мереке және демалыс күндері атқарған жұмысы үшін заңнамаға сәйкес қосымша ақы төлеуді қатаң бақылап, жұмыс уақыты мен еңбек жүктемесін нақты регламенттеу қажет.
  • Мәдениет саласындағы  мамандарды қолдау мақсатында олардың көтермеақы, санитарлық-курорттық демалыс, тұрғын үй секілді әлеуметтік пакетке қол жеткуі үшін жұмыс өтілі, белсенділігі, жетістігі ескерілетін нақты критерийлер енгізіп қолдау керек.
  • Мәдениет саласы қызметкерлерінің қоғам дамуындағы айрықша еңбегін ескеріп олардың табысын тұрақты түрде арттыру тетігін қарастыру керек.
  • Мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау жүйесін жетілдіріп шетелдегі үздік мәдени ұйымдармен тәжірибе алмасу мүмкіндігін бекіту қажет.