Гүлжихан Әбуқызының ұлт руханиятына қосқан үлесі ұрпақ жадында мәңгі сақталады
Белгілі театртанушы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының тұңғыш ректоры Гүлжихан Жаныспаева дүние салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Гүлжихан Әбуқызының дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол ғибратты ғұмырын өнерге арнап, отандық театр өнерінің дамуына, саланың бірнеше буын майталманын тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты», - делінген ведомство хабарламасында.
Гүлжихан Жаныспаева 1927 жылы 1 сәуірде Алматы қаласында туған. 1949 жылы Алматы театр-көркемсурет училищесін, 1955 жылы Мәскеудегі А.В. Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.
Ол еңбек жолын 1955 жылы Мәдениет министрлігінде театр инспекторы қызметінен бастап, кейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының, Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтының, бүгінгі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының тұңғыш ректоры қызметтерін абыроймен атқарды. Қоғамдық өмірге де белсене араласып, бірнеше мәрте қалалық және аудандық кеңестердің депутаты болып сайланды.
Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Гүлжихан Әбуқызының жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыр жолы халық жадында мәңгі сақталады.