Қазақстанда мұқтаж адам көп, бірақ ағза доноры тапшы

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандықтардың дені қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім бермейтінін айтқан

Осыдан бір апта бұрын eGov.kz электронды үкімет порталында қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру немесе одан бас тарту жүйесі іске қосылған болатын. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің тың жобасы үмітті ақтамады. Себебі онлайн арқылы да өзгеге өмір сыйлағысы келетіндер өте аз болып шықты. Бұған не себеп?

Осы жылдың 9 айында Қазақстанда 238 адам донор табылмағандықтан көз жұмған. Оның үстіне, айықпас дертке шалдыққан 3,2 мың науқас қазір өмір мен өлімнің ортасында жатыр. Оның 116-сы бала. Төсек тартып қиналып жатқандар ең бірінші кезекте бүйрекке зәру. Содан кейін бауыр, жүрек, өкпе және көзге мұқтаж. Енді бұл мәселе қалай шешіледі? Қоғамда дау туғызған жаңа «Денсаулық» кодексі көңілден шыға ма? Адам ағзасы шетелдіктерге сатылады деген рас па?

Бұл сұрақтарға «Азат алаң» бағдарламасына қонаққа келген Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры Әділ Жұмағалиев жауап берді.