Ол жағдайды күлкімен есіне алды
Әлемге әйгілі әнші әрі актриса Дженнифер Лопес АҚШ-тағы танымал The Tonight Show бағдарламасына қонақ болып, Алматыдағы концертінде болған ерекше сәтті еске алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бағдарлама жүргізушісі Джимми Фэллон мен Джей Ло бұл оқиғаны күлкімен талқылады.
Еске салайық, 2025 жылдың 10 тамызында Алматы қаласында Дженнифер Лопестің әлемдік турының соңғы концерті өткен болатын. Шараға 20 мыңнан астам көрермен қатысып, ерекше музыкалық кештің куәсі болған.
Концерт барысында әнші ән айтып тұрған сәтте шегіртке оның мойнына қонып, бұл көрініс камераға түсіп қалған. Бұл сәттің видеосы желіде тез тарап, Қазақстанда кеңінен талқыланған.
«Алғашында мені бірдеңе түртіп өткендей болды да, мән бермедім. Бірақ кейін ол ұшпай, керісінше жоғары қарай өрмелеп келе жатқанын сездім. Тіпті аяғымен мені шымшылап жүргендей болды. Бірақ кәсіби әртіс ретінде ойымда бір-ақ нәрсе болды: әнді соңына дейін орындау керек», - дейді Джей Ло.
Ол шегірткені қолымен сілкіп тастаған соң, жарық астында оның үлкендігін көріп, тікұшақпен салыстырған.
«Прожектордың жарығында қарасам, ол кәдімгі тікұшақтай үлкен екен» ,- деп күліп жеткізді әнші.
Дженнифер Лопес бұл оқиғаны жанды концерттердің табиғи әрі көңілді бөлігі ретінде қабылдағанын айтты. Көрермендер мен студиядағы жүргізушілер әншінің сабырлылығы мен кәсібилігіне тәнті болды.