Екі отбасы 70 жылдан астам бірге өмір сүріп келеді
Елордада Отбасы күніне арналған «Берекелі отбасы – баянды болашақ» атты мерекелік жиын өтіп, өнегелі жанұяларға құрмет көрсетілді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасы мен неке институтының әлеуметтік мәртебесін көтеру, жастарға үлгі боларлық құндылықтарды дәріптеу.
Мерекелік шара барысында 55, 60, 70 жылдан бері отасқан мерейлі отбасыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Барлығы 20 жұптың үлгілі өмірі жастарға өнеге ретінде ұсынылды.
Мәселен, Қабжан Біләлов пен Қапиза апайдың отау құрғандарына биыл 71 жыл толып отыр. Олар 9 бала тәрбиелеп, бүгінде 24 немере мен 21 шөберенің қызығына бөленіп отыр.
Марапатталғандардың қатарында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ардагерлері де бар. Олардың ішінде Алтыбаевтар, Дүзбаевтар, Джайкбаевтар, Авиловтар, Нурумовтар мен Ахмединдер отбасы аталды. Бұл жанұялар орталықтағы сауықтыру, зияткерлік, өнер және қолөнер үйірмелеріне тұрақты қатысып, қоғам өміріне белсене араласып жүр.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының орынбасары Эльвира Шамшикенова отбасылық құндылықтарды дәріптеудің маңызына тоқталды.
«Бұл шара аясында күміс, алтын, тіпті гауһар тойға жеткен отбасылар бас қосты. Олар – ұрпаққа өнеге, үлгі-өнегесі арқылы жас буынды тәрбиелеп отырған тұлғалар. Осындай азаматтарды құрметтеу – біздің парызымыз», – деді ол.
Кеш соңында орталықтың өнерлі зейнеткерлері концерт қойды. Алматы ауданының «Әдемі» вокалдық ансамблі «Жұбайлар жыры», «Қаздар қайтқанда» сынды әндерді орындаса, Сарыарқа ауданының зейнеткері Рауза Набиуллина «Эти глаза напротив» әнімен көрерменнің ықыласына бөленді. Сондай-ақ отау құрғандарына 1 ай болған жас-жұбайлар үлгілі отбасылардың батасын алған.
Қазақстанда Отбасы күні 2013 жылдан бастап қыркүйектің әр екінші жексенбісінде аталып өтеді. Биыл бұл мереке 14 қыркүйекке сәйкес келіп отыр.