Ол мамандарға алғысын жеткізді
Актриса әрі көпбалалы ана Жұлдыз Әбдукәрімова жақында дүниеге келген сәбиін қалай қарсы алғаны туралы жан сырын ақтарған, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Суда босанбадым. Тек толғақтың ауырлығын азайту үшін ғана отырдым. Ал қатты толғақ қысқанда доппен жаттығуды жақсы көремін. Ең пайдалысы – көп жүру. Серіктес болды, сенімді адамым жанымнан табылды. Осыған дейін де сол кісімен бірге кіргенмін. Жалпы, партнер осы саладан хабардар болғаны дұрыс деп ойлаймын», – деді ол.
Актриса босануға өзі барғанын, асықпай тамақтанғанын айтып, сол күнін есіне алды.
«Түс ауа өз аяғыммен перзентханаға келіп, тіркелдім. Толық анализдерді тапсырып болған соң, палатада біраз тынығып, ұйықтап алдым. Асықпай тамақтанып, суымды алып, бала босандыратын залға беттедім. Ваннаға жайғастым. Қорқыныш та, қобалжу да болды, бірақ артқа шегінер жол жоқ еді. Сөйтіп, сәбиім құтпан уақытында дүниеге келді. Шүкір!» – деп есіне алды Жұлдыз.
Ол перзентханадағы дәрігерлердің біліктілігі жайлы айтып, мамандарға алғысын жеткізді.
«Әуелі Алла, содан кейін жанымда болған білікті әрі мейірімді мамандардың арқасында аман қалдым. Сәбиімнің сау-саламат келуіне үлкен себепкер болды. Өте қарапайым перзентханада босанғаныма арланбаймын да, жасырмаймын да. Мұнда нағыз тәжірибелі дәрігерлер қызмет етеді. Перзентхана таңдағанда ең әуелі мамандардың кәсібилігіне мән беру керек деп ойлаймын. Бұл кісілердің жүздері жылы, жүректері мейірімге толы жандар. Үшінші перзентхананың ұжымына алғыс айтамын», - деді ол.