«Сүрінген қыз» әнін жазды»: Қайрат Нұртастың анасы алғашқы махаббаты туралы естелігімен бөлісті
Ол Қайраттың әкесімен 37 жыл бірге тұрып жатқанын айтты

Әнші Қайрат Нұртастың анасы, танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова жас кезіндегі жүрек тебірентер оқиғасын есіне алып, жұбайы Нұртаспен алғаш кездескен сәтін баяндады, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Мен мектеп бітірген жылы Нүрекең әскерден енді ғана келген. Үстіндегі майкасы да сол баяғы, тапшанда досымен отыр екен. Қалада ағаларымыздың үйінде тұратынбыз. Сол екі үйдің ортасында сүрініп, қолымдағы нанымды түсіріп алған сәтте көзіне түскен екенмін. Кейін Нұрекең сол көріністен шабыт алып, «Сүрінген қыз» әнін жазды», – деп жазды продюсер.
Айтуынша, Нұртас қолынан гитарасын тастамай, орталық саябақта, би кештерінде, тойларда ән айтып, сол арқылы нәпақасын тапқан.
«Содан бері 37 жыл бірге өмір сүріп келеміз. Сол бір махаббаттың куәсі – Қайрошымыз сахнаға бала кезден шықты. Қазір үш ұлымыз, келіндеріміз, немерелеріміз бар. Адамның ең үлкен байлығы – отбасы мен Отан. Еліміз тыныш, отбасымыз аман болсын!» – деп түйіндеді ол жазбасын.