Ол экс-күйеуінің сұхбатына жауап ретінде видео жариялады
Қазақстандық продюсер және кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы жұбайы Ляйсира Марат балаларының тегін өзгертуі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ол бұл мәлімдемені экс-күйеуінің сұхбатында айтылған кейбір пікірлерге жауап ретінде Instagram парақшасында бейнежазба түрінде жариялады.
«Мен әрдайым махаббат пен шындық жағындамын. Балаларым – Амина мен Арсен – ересек, саналы адамдар. Олар өз шешімін өзі қабылдай алады. Текті таңдаған да, өзгерткен де – өздері», – деді Ляйсира жазба сипаттамасында.
Ляйсираның айтуынша, Алагөзовтің сұхбатында оның балаларды қысым арқылы тектерін өзгертуге мәжбүрлегені туралы тұспалдар айтылған.
«Бұлай айту – балалардың еркін таңдауын жоққа шығару. Бұл – шындыққа жанаспайды. Сондықтан жауап ретінде видео жариялауға мәжбүр болдым», – дейді ол.
Ляйсира Марат тегін әкесінің құрметіне өзгерткенін, ал балалары бұл шешімді өз беттерінше қабылдағанын айтты:
«Олар сол кезде ересек болды. Ойлануға, саралауға, өз болашағына жауап беруге толық қабілетті еді», – деп нақтылады ол.
Сөз соңында Ляйсира Марат экс-жұбайынан кешірім сұрауын талап етті. Оның айтуынша, 25 жыл отасқаннан кейін Тұрсын Алагөзов өз уәдесінен бас тартып, басқа әйелмен жаңа өмір бастаған.
«2015 жылы біз бірге 25 жылдығымызды атап өттік. Сол кеште сен махаббат пен адалдыққа ант бердің. Бірақ тура бір жылдан кейін Тбилисиге басқа адаммен көштің. Бұл – балалар үшін шок болды. Сол себепті де олар сенімен байланысты ештеңені қаламады», – деді Ләйсирә.