Актер жолдан өтпек болған қызды жолаушыларға толы автобус қағып кетпей тұрып, дер кезінде қауіпсіз жерге тартып үлгерген
Түрік актері Мурат Йылдырым жол-көлік оқиғасының алдын алып, автобустың астына түсе жаздаған қызды дер кезінде құтқарып қалды. Актердің жылдам әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің қошаметіне бөленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy түркиялық TGRT Haber басылымына сілтеме жасап.
Оқиға актер басты рөлді сомдайтын «Güller ve Günahlar» («Раушандар мен күнәлар») сериалының түсірілім алаңына жақын жерде болған.
Белгілі болғандай, 47 жастағы актер көлігінен шығып бара жатқанда жолдан өтпек болған қызды байқайды. Сол сәтте оған қарай жолаушыларға лық толы автобус жақындап келе жатқан. Мұрат Йылдырым жағдайды бірден аңғарып, қызды жол шетіне қарай тартып үлгерген. Осылайша ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алған.
Алайда қыз өзін құтқарып қалған актерге алғыс айту үшін аялдамастан, әрі қарай жүріп кеткен. Ал актер оның соңынан қарап қала берген.
Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тарап, желі қолданушылары Мұрат Йылдырымның батылдығы мен жылдам әрекетіне тәнті болды. Көпшілік актердің дер кезінде қимылдап, қыздың өмірін сақтап қалғанын айтып, оны нағыз қаһарманға теңеді.
«Мұрат, жарайсың! Қандай жылдам әрекет етіп, қызды құтқарып қалды», «Нағыз біздің қаһарманымыз», «Сосын өмір түрік сериалы емес деп жатады» деген пікірлер жазылған.
Жанкүйерлердің бірі актердің жары, марокколық актриса әрі модель Иман Албаниге де жақсы жар жолыққанын атап өткен.
Айта кетейік, Мұрат Йылдырым мен Иман Албани 2016 жылы шаңырақ көтерген. 2022 жылы олардың Мирай есімді қызы дүниеге келген.