«Әйелдің қырық жаны бар»: Жанель Мақажан әйел болмысы туралы жазба жариялап, оқырмандарын ойға салды
Актриса әйелдің күші мен осалдығы туралы ой бөлісіп, шынайы сезімдерді жасыру міндет емес екенін жеткізді
Қазақстандық актриса Жанель Мақажан әйелдің күші мен осалдығы туралы ой бөлісті. Төрт баланың анасы кейде өзін әлсіз сезінсе де, қиындықтарға төтеп беруге күш табатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жанель Мақажан мен Абай Асылханның жақында ажырасқаны белгілі болды. Бұл жаңалық олардың жанкүйерлерін қынжылтқан еді.
Актриса Instagram парақшасындағы жаңа жазбасында нәзік бола тұра, өмірдің қиындықтарына төтеп бере алатын әйелдің болмысы туралы толғанды.
«Әр әйелдің бойында нәзіктік пен батылдық, осалдық пен төзімділік қатар өріледі. Кейде әйел өзінің жұмсақтығымен баураса, кейде батылдығымен таңғалдырады. Бір сәтте ол өзін осал сезінсе, келесі сәтте күтпеген күш көрсете алады. Өйткені әйел болмысын бір ғана мінез ерекшелігімен сипаттау мүмкін емес. Әр жағдай оның тұлғасының жаңа қырын ашады. Менің бойымда да осындай қасиеттер бар. Кейде әкемнің ерке қызымын, кейде төрт баланы тәрбиелеп отырған батыл анамын. Ал кейде көз жасымды тыя алмай, осал тұсымды көрсетуге де мүмкіндік беремін. Меніңше, әйелдің шынайы сұлулығы – өзінің барлық болмысын қабылдай білуінде. Мүмкін, әйелдің қырық жаны бар деген сөздің мәні де осында шығар», – деп жазды ол.
Жанельдің оқырмандары оны қолдап, пікірлерін қалдырған. Сондай-ақ актрисаның сұлулығына тәнті болғандарын жазған.
«Ішкі жан дүниеңді қайта емдеуге тура келетін сәт қой», «Гүлдей жайнай бер, саған жарасады», «Тұнып тұрған нәзіктік», «Әлі 18 жастағы қыз сияқты», «Сұлу» деп пікір білдірген желі қолданушылары.