Шетелдік туристер Қазақстанның ішін аралау үшін 2,9 млрд доллар шығындаған

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Туризм министрлігі хабарлады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Былтыр Қазақстанға 15,7 млн шетелдік азамат ұшып келген. Қазақстанның үкіметі осы 15,7 млн адамның 11,1 миллионын турист қатарына жатқызған. Және үкіметтің есебі бойынша Қазақстанды аралаған осы туристер 2,9 млрд доллар ақша шығындаған көрінеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Үкіметтің ресми сайты «Президенттың Жолдауы: екі жылда туризмге салынған инвестиция 2,2 трлн теңгеден асты» деген тақырыпта аналитика жасап, туризмдегі негізгі жетістіктерді жариялаған.

Ең алдымен, үкіметтің мәліметінше, туризм саласына 2025 жылы 1,25 трлн теңге инвестиция салынған. Бұл ақша көбіне елімізде бес жұлдызды қонақ үй, этнотуризмді дамыту сияқты бағыттарға жұмсалған.

Екіншіден, халықаралық рейстердің саны көбейген.

«Соның арқасында 2025 жылы Қазақстанға 15,7 млн шетелдік азамат ұшып келген. Оның 11,1 миллионы – нағыз турист және олар ел ішін аралауға 2,9 млрд доллар жұмсаған», - деп хабарлайды үкіметтің ресми сайты.

Сондай-ақ үкімет ішкі туризмді дамытуға күш салған. 2024 жылы 7,8 млн адам ел ішін араласа, былтыр 8,7 млн адам Қазақстанның көрікті мекендерін саяхаттапты.

Жалпы, бұл бағыттардан басқа, үкімет жол мен қызмет көрсету сапасына көңіл бөліп, оларды дамыта түспек.

«Дәлірек айтсақ, биыл Үкімет Туризмді дамыту мәселелері бойынша үйлестіру кеңесін құрады. Туристік автобустар үшін шекара мен туристік маршрут үшін арнайы «жасыл дәліз» енгізеді. Визит-орталықтарына құқықтық мәртебе береді. Гид пен экскурсоводтардың жұмысы заңмен реттеледі», - деп хабарлайдыТуризм министрлігі.