Концерт кезінде мобильді интернет жылдамдығы уақытша төмендеуі мүмкін
Канье Уэст концертін ұйымдастырушылар жергілікті билікпен келісе отырып, Tele2/Altel компаниясына Орталық стадион маңында кейбір жиіліктерді пайдалануды уақытша шектеу туралы өтініш білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл шара концерт кезінде қолданылатын және дәл сол жиілік диапазонында жұмыс істейтін арнайы техникалық жабдықтың дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай техникалық талаптар басқа елдерде, соның ішінде Грузия мен Түркияда өткен іс-шараларда да қолданылған. Tele2/Altel бұл ауқымды іс-шараның Алматы үшін маңызын түсініп, ұйымдастырушылар мен әкімдіктің өтінішін қолдап, концертті өткізуге қажетті техникалық көмек көрсетеді.
Сонымен қатар Tele2/Altel концерт өтетін аумақта клиенттер үшін мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігін сақтау мақсатында барлық техникалық мүмкіндігін пайдаланады. Алайда ұйымдастырушылардың техникалық талаптарын орындау үшін кейбір жиіліктердің уақытша шектелуі және желіге түсетін жүктеменің жоғары болуы белгілі бір уақытта мобильді интернет жылдамдығына әсер етуі мүмкін.
Концертке барынша жайлы кіру үшін Орталық стадионға келмей тұрып, билеттерді, QR-кодтарды және іс-шараға кіруге қажетті басқа да ақпаратты телефонға алдын ала жүктеп алу ұсынылады.
Еске салайық, кеше Алматыдағы Канье Уэстің концерті 15 тамызға, яғни бүгінге ауыстырылған болатын.