Бүгін, 00:29
AR trend

Димаштың жанкүйерлері ормандарды қалпына келтіруге қаржы жинап жатыр

Аргентина, Мексика және Уругвайдағы фанаттар ағаш отырғызып, БҰҰ қорына қайырымдылық жасап, экологиялық әрі гуманитарлық акцияларға атсалысуда

Димаштың жанкүйерлері ормандарды қалпына келтіруге қаржы жинап жатыр
Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері Латын Америкасындағы ормандарды сақтап қалу үшін бірікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өнер иесінің ресми фан-сайтына сілтеме жасап. 

24 мамыр күні Димаш 32 жасқа толған. Осыған орай оның Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы жанкүйерлері экологиялық акциялар ұйымдастырған.

Қазір фанаттар ормандарды қалпына келтіруге қаржы жинап, Димаштың атынан ағаш егіп жатыр.

Негізгі бастамалардың бірі Патагония ормандарына көмек көрсетуге бағытталған. Аргентина, Уругвай және Мексикадағы жанкүйерлер «Патагония достары» қауымдастығына 82 ағаш сыйға тартқан. Олар Коррентосо өзені маңындағы зардап шеккен орман аумақтарын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан өңірге отырғызылады. Акция маусым айы бойы жалғасады.

La Era Dimash және Dimash Argentina фан-клубтары да 24 мамырда Димаштың жасына сәйкес тағы 32 ағаш отырғызуға қаржы бөлді.

Сонымен қатар Together for Dimash стриминг тобының мүшелері БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының қорына 1097 доллар, яғни шамамен 533 мың теңге аударған. Бұл қайырымдылық Димашқа ұйымның Жаһандық ізгі ниет елшісі ретіндегі сыйлық ретінде жасалған.

«Димаш бізге әндері арқылы махаббатын сыйлайды, ал біз оған қайырымдылық жасап, көмекке мұқтаж жандарды қолдау арқылы жауап береміз», – деді әншінің жанкүйерлері.

Екі жыл бұрын Димаш Құдайберген БҰҰ-ның тоғыз ізгі ниет елшісінің бірі атанған еді. 2026 жылдың мамыр айында ол осы мәртебемен Бангладешке барды. Бұл – мәжбүрлі қоныс аударушылар ең көп шоғырланған аймақтардың бірі. Мұнда әлі күнге дейін баспана, медицина, білім және әлеуметтік көмекке мұқтаж жүздеген мың адам өмір сүріп жатыр.