Марқұм Мұрат Бисембиннің қызы тұрмысқа шықты

Автор: Алмас Ерсін

Кейбір желі қолданушылары күйеу жігіттің ұлтына қызығушылық танытты

Фото: instagram.com/jemappelledali

Белгілі қазақстандық актер, марқұм Мұрат Бисембиннің қызы Диана тұрмысқа шықты. Қуанышты жаңалықты ол Instagram парақшасында бөлісіп, ақ көйлек киген суреттерін сүйіктісімен бірге жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Диананың таңдауы – танымал спортшы, Қазақстан регби құрамасының капитаны Мұхаммед Расул. Әлеуметтік желі қолданушылары жұптың бір-біріне жарасымды екенін атап өтуде. Көпшілік олардың бір-біріне ұқсайтынын, үйлесімді көрінетінін жазған.

Кейбір оқырмандар күйеу жігіттің сырт келбетіне назар аударып, оның ұлтына қызығушылық білдірсе, енді біреулері оны шетелдік танымал тұлғалармен салыстырған.

Жарияланым астында көптеген жылы пікірлер қалдырылған. Бірі жас жұбайларға бақыт, махаббат және ұзақ ғұмыр тілесе, енді бірі Диананың әкесі Мұрат Бисембинді еске алып, оның қызының бақытты болғанын көргісі келетінін жазған.

Сонымен қатар үйлену тойы әкесінің қазасынан кейін тым ерте өтті деп санағандар да болды. Дегенмен көпшілік Диананы қолдап, өмір жалғасатынын және әр адамның бақытты болуға құқығы бар екенін атап өтті.