Паралимпиададан әлем чемпионы Ақмарал Науатбек сәбилі болды (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Отбасындағы қуанышты сәтін көрсеткен чемпионды көпшілік құттықтап, жылы сөздерін жаудырып жатыр 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/@nauatbeka

Париж Паралимпиадасының жеңімпазы, парадзюдодан әлем чемпионы Ақмарал Науатбек ана атанды. Бұл туралы спортшы өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында сүйіншіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отбасындағы қуанышты сәтін бөліскен чемпионға жанкүйерлері мен спорт қауымдастығы жылы лебізін білдіріп жатыр.

Ақмарал Науатбек дзюдо әлеміне 11 жасында келген. Ол 2017-2019 жылдар аралығында жастар арасындағы бірнеше әлем біріншіліктерінде бақ сынап, кәсіби деңгейде таныла бастады. Алайда, 2021 жылы көру қабілетінің нашарлауына байланысты спорттық мансабында үлкен өзгеріс болып, парадзюдоға ауысуға шешім қабылдады.

Парадзюдоға ауысқан соң Ақмарал 2022 жыл Бакуде өткен әлем чемпионатында 48 келі салмақта алтыннан алқа тақты. 2023 жылы Ханчжоудағы Азия параойындарында теңдессіз өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. 2024 жылғы 5 қыркүйекте Париж Паралимпиадасында алтын медальді жеңіп алды.