«Әр нәрсенің өз уақыты бар»: Димаш Құдайберген қашан үйленетінін айтты

Автор: Алмас Ерсін

Өнер иесі соңғы кезде мұндай сұрақтар жиілеп кеткенін атап өтті

Фото: dimash.com

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Астанада өткен форумдағы ашық сұхбат кезінде жеке өміріне қатысты сұраққа жауап берді. Әңгіме барысында жанкүйерлерінің бірі әншіден қашан шаңырақ көтеруді жоспарлап жүргенін сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Димаш Құдайберген мұндай сауалдардың соңғы уақытта жиі қойылып жүргенін жасырмады. Сонымен қатар ол отбасы құру мәселесіне ерекше байыппен әрі жауапкершілікпен қарайтынын айтты.

«Өмірде әр нәрсенің өз уақыты бар, ал өмірлік серікті таңдауға өте салмақпен қарау керек», – деді Димаш.

Ол сезімге беріліп, қыз баланың көңіліне қаяу түсіріп алудан немесе оның тағдырына әсер етіп қоюдан қорқатынын мойындады. Әнші әйел затына шынайы құрметпен қарайтынын айтып, неке мәселесіне терең әрі сақ көзқараспен қарайтынын жеткізді.