Депутаттар Еуропарламентті сотқа берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар COVID-19 вакцина келісімдері бойынша тергеу жүргізуден бас тартуды заңсыз дейді

Фото: Zheng Huansong/XinHua/Global Look Press

Еуропалық жалпы юрисдикция сотына Еуропарламент депутаттарынан ресми өтініш түсті. Олар Еуропарламент басшылығының коронавирусқа қарсы вакциналар жеткізу келісімдерін тексеруден бас тартуы заң бұзу болуы мүмкін деп санайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақпаратқа сәйкес, өтінішті оңшыл партиялар фракцияларындағы депутаттар жолдаған. Олар Еуропарламенттегі саяси топтар жетекшілерінің 3 қыркүйектегі шешімін заңсыз деп отыр. Сол күні басшылар вакцина келісімдерін тексеру жөніндегі арнайы комитет құру мәселесін дауысқа шығарудан бас тартқан.

Бастамашылар қатарында «Еуропа патриоттары», «Еуропаның егемен ұлттары» және «Еуропалық консерваторлар мен реформаторлар» топтарының депутаттары бар. Олар Еуроодақтың пандемия кезіндегі әрекеттерінде мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану, сыбайлас жемқорлық, билікті асыра пайдалану және заң шығару процесіне ықпал ету секілді фактілер болуы мүмкін екенін алға тартқан.

Бұл мәселе алғаш рет 2023 жылы The New York Times басылымы жариялаған материалдан кейін өршіп кеткен. Газет Еуропалық комиссиядан (ЕК) пандемия кезінде ЕК төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Pfizer компаниясының бас директоры Альберт Бурла арасындағы хат алмасуларды жариялауға рұқсат сұраған.

Журналистердің айтуынша, дәл осы хат алмасулардың нәтижесінде Еуроодақ пен Pfizer арасында миллиардтаған еуроға тең вакцина келісімі жасалған. Алайда Еурокомиссия құжаттарды беруден бас тартқан, себебі олардың айтуынша, сұралған хабарламалар мұрағатқа тіркелмеген және сақталмаған.

Оңшыл депутаттар бұл жағдайды Еуроодақ институттарындағы ашықтықтың жетіспеушілігімен байланыстырады. Олардың пікірінше, пандемия кезінде қабылданған шешімдердің көпшілігі жабық форматта және қоғамға есеп бермей жүзеге асқан.

Парламенттік оппозиция өкілдері енді соттан Еуропарламент басшылығына қатысты заңдық баға беруді талап етуде. Егер сот олардың өтінішін қанағаттандырса, бұл іс ЕО тарихындағы институционалдық жауапкершілік жөніндегі алғашқы прецеденттердің бірі болмақ.