Арменияда отбасылық жанжал кезінде ер адам үш жасар ұлын өлтірді
Оқиға болған күні бала мен оның ағасы үйінен шығып, аулада әкесін кездестірген
                        Арменияда бір апта бойы іздеу салынған үш жасар Тигран Ованесовты өз әкесі өлтірген болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Armenpress порталының мәліметінше бұл туралы ішкі істер министрі Арпине Саркисян алдын ала тергеу нәтижелерін жариялаған кезде айтты.
Тигран Ованесов 27 қазанда жоғалып кеткен. Оны іздеуге 500 құтқарушы, полиция қызметкері және еріктілер қатысты. Тергеу комитеті «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. 2 қарашада оның денесі Ованесовтар отбасы тұратын Гегаркуник облысынан табылды.
Тергеушілердің мәліметінше оқиға болған күні бала мен оның ағасы үйінен шығып, аулада әкесін кездестірген. Әкесі мен балалары арасында жанжал туындап, күдікті кіші ұлын тұншықтырып өлтірген.
Тигранның бес жасар ағасының денсаулығында проблема бар және ол мән-жайды толық айтып бере алмайды. Дегенмен мамандар оның реакциясы арқылы оқиғаның қалай болғанын анықтаған.
Қылмысты жасыруға тырысқан ер адам баланың денесін бірнеше рет ауыстырып көмгені анықталды. Қазіргі уақытта трагедияның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу процесі жүріп жатыр.