Германияда жаңа сайланған қала мэріне шабуыл жасалды

Автор: Аягөз Құрмаш

Шабуыл саясаткердің өз үйінің маңында болған

Image: Alex Talash/dpa/picture alliance

Германияның Солтүстік Рейн-Вестфалия аймағындағы Гердеке қаласында қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгісіз адам жаңа сайланған қала мэрі, социал-демократиялық партиясының өкілі Ирис Штальцерге пышақпен шабуыл жасап, бірнеше рет жарақаттаған. Бұл туралы DW басылымы хабарлады.

Шабуыл саясаткердің өз үйінің маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, Штальцер жараланған соң үйіне кіріп үлгерген, кейіннен оны жедел жәрдем қызметі ес-түссіз күйде тапқан. Қазір ол ауруханада ауыр халде жатыр.

Оқиға орнында құқық қорғау органдары жедел тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Полиция шабуылдаушының кім екенін анықтау және мотивін білу бағытында жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта айыпталушы іздестіріліп, аймақта кең ауқымды операция ұйымдастырылған.

Гердеке тұрғындары бұл оқиғадан кейін қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап еткен.

Ирис Штальцер небәрі бірнеше апта бұрын, 28 қыркүйекте өткен сайлаудың екінші кезеңінде, 52,2% дауыс жинап, христиан-демократиялық одақ кандидаты Фабиан Конрад Гаасты жеңіп шыққан еді.

Федералды канцлер Фридрих Мерц бұл оқиғаға әлеуметтік желіде пікір білдіріп, қылмысты тез арада тергеу қажеттігін атап өтті.

Германия билігі мен қоғам өкілдері саяси тұлғаларға қарсы зорлық-зомбылықтың күшеюіне алаңдаулы. Ирис Штальцерге жасалған бұл шабуыл елдегі демократиялық процестер мен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты сұрақтарды қайта көтеріп отыр.