Мамандар тайфун үлкен шығын келтіруі мүмкін екенін ескертіп отыр
Тынық мұхитының батыс бөлігінде пайда болған «Рагаса» супертайфуны Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қатер төндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.
Тайванның шығысындағы Хуалянь уезінде тайфуннан кейінгі нөсер жауыннан көл арнасынан асып, Гуанфу қаласын су басты. Кемінде 14 адам қаза тауып, 124 адам хабар-ошарсыз кеткен. 3200-ден астам тұрғын эвакуацияланды, бірнеше аймақта мектептер жабылды. Тайбэйден ұшатын 100-ден астам халықаралық рейс тоқтатылды.
Филиппинда тайфун салдарынан бір адам қаза тапты. Құтқару қызметтері зардап шеккен өңірлерде жұмыс істеп жатыр.
Гонконг қаласының билігі ең жоғары – 10-деңгейлі дауыл ескертуін жариялады. Әуежай мен мектептер жабылды. Супермаркет сөрелері босап, тұрғындар үйлерінің терезелерін нығайтып жатыр.
Қытайдың Гуандун провинциясында 1 миллионнан астам адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Чжухай, Шэньчжэнь және Гуанчжоу қалаларына теңіз суының жайылу қаупі бар. Мемлекеттік телеарна толқын биіктігі 7–12 метрге жетуі мүмкін екенін хабарлады. Ұлттық теңіз орталығы қызыл деңгейлі ескерту жариялады. Полиция тұрғындарды үйлерінен шықпауға шақырды.
Метеорологтар «Рагасаны» биылғы ең қуатты тайфун деп атаған, олар жел екпіні сағатына 260 км-ге дейін жеткенін мәлімдеді.