Талибан үкіметі Ауғанстадағы интернетті өшіріп жатыр

Автор: Темірхан Айжан

Мұндай қадам «арсыздықтың алдын алу» үшін жасалып жатыр деп түсіндірген 

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

«Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) сәрсенбі күні Талибан билігін Балх және тағы бірнеше провинциядағы талшықты-оптикалық интернетті дереу қалпына келтіруге шақырды. Ұйымның мәліметінше, Ауғанстан үкіметі интернетке тыйым салып, азаматтардың ақпарат алу құқығын бұзып, журналистердің жұмысын қиындататты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Интернетке шектеу енгізуге Талибан көшбасшысы Хибатулла Ахундзада тікелей бұйрық берген. 16 қыркүйекте Балх провинциясы губернаторының хатшысы Хаджи Заид мұның «арсыздықтың алдын алу» үшін жасалған қадам екенін айтқан.

Сейсенбі күні Заид шектеудің себебін тағы да түсіндіріп, биліктің балама нұсқаларды қарастырып жатқанын мәлімдеді. Мазари-Шариф тұрғындары Afghanistan Telecom және басқа да кабельдік интернет провайдерлері өшірілгенін, нәтижесінде тек мобильді деректер қызметі ғана жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

Жергілікті тұрғындар онлайн мемлекеттік қызметтер, банк операциялары, қашықтан оқыту және күнделікті бизнестің кедергіге тап болғанын айтып жатыр.

Ақпарат құралдарының дерегінше, Кандагар, Нимроз, Урузган, Хельманд және басқа да провинцияларда кеңжолақты интернеттің өшірілген.

Айта кетсек, Ауғанстан бес көрші мемлекетпен талшықты-оптикалық желі арқылы байланысады, оған бұрынғы үкімет шамамен 150 миллион доллар инвестиция салған. Адам құқықтарын қорғау ұйымдары мен цифрлық сарапшылар интернетке шектеу қою Ауғанстанды одан әрі оқшаулап, онсыз да әлсіз экономикасын тұқыртып, қоғам білім мен ақпараттан мақұрым қалады деп ескертіп жатыр.

2021 жылдың тамызында билікке келгеннен бері Талибан тәуелсіз медиа секторын толығымен жойып, оның орнына өз насихат жүйесін құрды. Бірнеше журналист қамауға алынып, жүздегені елден кетуге мәжбүр болды.