72 адамның өлімінен кейін Непал үкіметіне уақытша басшы сайланды

Автор: Темірхан Айжан

Негізгі сайлау 2025 жылдың 5 наурызында өтеді деп жоспарланған

Фото: Reuters

Жуырда Непал үкіметі құлағаны белгілі: әлеуметтік желіні бұғаттау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шараларға наразы болған халық ел басшылығы отставкаға кеткен еді. Өткен жұма күні елдің уақытша премьер-министрі болып 73 жастағы Сушила Карки сайланды. Ол Непалдың жаңа үкіметі жасақталғанға дейін ғана басшылық қызметте болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап. 

«Мен бұл орынға жайғасқым келмеп еді, бірақ көшедегі жанайғайдан соң амалсыз қабылдауға тура келді», - деді ол.

Сушила Каруи Жоғарғы соттың бұрынғы төрайымы болған. Оған «Z буынының» наразылық көшбасшылары премьер-министр болуға өтініш білдірген.

«Біз «Z буынының» ой-санасына сай жұмыс істеуіміз керек. Олар жемқорлықтың түбіне жетуді, дұрыс басқаруды және экономикалық теңдікті қамтамасыз етуді талап етеді», - деді Карки.

Өткен аптада екі күнге созылған наразылықтан кейін премьер-министр, Коммунистік партияның көшбасшысы Кхадга Прасад Шарма Оли отставкаға кеткен болатын. Соңғы мәлімет бойынша, митингтер кезінде 72 адам қаза тапқан.

Шарма Олидің отставкасынан кейін де наразылық тоқтаған жоқ, демонстранттар бірнеше саясаткердің үйлерін қиратты және парламент ғимаратын өртеп жіберді.
Бұрын жемқорлықпен күрескер ретінде аты шыққан Сушила Каркидің кандидатурасы Discord платформасындағы бірнеше үміткер арасынан онлайн таңдалды.

Discord онлайн платформасындағы чат-топтар «сервер» деп аталады. Сушила Каркиді премьер-министрлікке таңдауға дауыс беру «Хами Непал» атты қайырымдылық ұйымының серверінде өткен. Бұл сервер наразылық ұйымдастырушыларының басты алаңына айналып, адамдар сол жерде жиналып, пікір таласып, жоспар құрып отырды. Наразылықтар кезінде серверге 140 мыңнан астам адам қосылған.

Сондықтан серверде дауыс бергеннен кейін Каркидің кандидатурасын президент және қарулы күштердің қолбасшысы мақұлдаған.

Сушила Карки 2009–2017 жылдары Жоғарғы соттың судьясы болды, соңғы жылы сотты басқарды. Отставкадан кейін ол «Судья» және «Түрме» атты екі кітапты жарыққа шығарды.

Карки -Непал Жоғарғы сотын басқарған алғашқы әйел, енді ел тарихында премьер-министр қызметін де атқарып отырған алғашқы әйел атанып отыр.